$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.08.2020, 12:24
Оқиғалар

Ксения Собчакпен жеті жыл бұрын суретке түскенмін – «СҚ-Фармация» басшысы

Компания басшысы 7 жыл бұрын салмағы 135 кг болғанын айтты

Журналистер «СҚ-Фармация» басқарма төрағасы Ерхат Есқалиевтен карантин кезінде (сәуір айында – авт.) әлеуметтік желіге жүктеген суреті туралы сұрады. Айта кетейік, Президенттің қатаң сынынан кейін «СҚ-Фармация» компаниясының бұрынғы басшылығы жұмыстан босатылып, басқарма төрағасы болып Ерхат Есқалиев тағайындалған. Сол кезде «СҚ-Фармация» басшылығымен қатар, әлеуметтік желілерде «асып-тасып өмір сүретіні» байқалған Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының да басшысы қызметінен босатылды.

Ал Ерхат Ерғалиев жаңа жұмысына кіріскен кезде (шілде айының ортасында – авт.) оның да жеке өміріне қатысты тың мәліметтер жариялана бастады. Көпшіліктің наразылығын іліккен жағдайлардың бірі - Ерхат Есқалиевтің әйелімен бірге Ресейдің танымал тележұлдызы, 2019 жылғы Forbes рейтингісінде әлеуметтік желідегі жарнамадан ең көп пайда тапқан Ксения Собчакпен бірге түскен суреті еді. Бүгін БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізген компания басшысы әлеуметтік желіде жиі талқыланған осы суретке қатысты пікір білдірді.

Есқалиев бұл сурет осыдан жеті жыл бұрын өткен шаралардың бірінде түсірілгенін, ол кезде салмағы біршама ауыр болғанын айтты.

«Бұл сурет осыдан жеті жыл бұрын түсірілген. Ол кезде салмағым 135 келі еді, қазір 105 келімін. Өйткені, ауыр операциядан кейін арықтадым. Фото (Ксения Собчакпен бірге түскен – авт.) расымен де биыл төтенше жағдай кезінде, карантин уақытында әлеуметтік желіге салынды. Карантинде үйде отырғандықтан, салдық. Жалпы, ол осыдан жеті жыл бұрын танымал адаммен естелік суретке түсейін деген ниеттен туған», - деді Есқалиев.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары