Келес ауданында 50-ге жуық адам жиналған қыз ұзату тойы тоқтатылды
Тойды ұйымдастырған тұрғындар жауапқа тартылды
Келес аудандық полицейлері карантин кезінде қонақ шақырып, той жасаған тұрғындарды анықтады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
Келес ауданының полицейлері Абай ауылындағы жергілікті тұрғынның бірі 50-ге жуық туысын үйіне жинап, «қыз ұзату» тойын өткізіп жатыр деген хабарлама алысымен, мобильдік топпен тез арада көрсетілген мекенжайға жетіп, тексеру жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде, той тоқтатылып, той иесіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы (“Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу”) бойынша хаттама толтырылған. Ауданда осыған ұқсас тағы бір жайт Біртілек ауылында тіркелді. Онда жергілікті тұрғын карантин режиміне қарамастан 30-ға жуық адамды үйіне жинап, келін түсіріп, «беташар» тойын өткізген.
«Той иесіне қатысты заңға сәйкес әкімшілік шара қаралды. Карантин шаралары енгізілгелі бері Келес ауданының полицейлері рейд және профилактикалық шаралар барысында 93 құқықбұзушылықты анықтады. Оның ішінде екі жайт - үйлену тойы мен отбасылық жиындар ұйымдастыру. Келес ауданында анықталып, жинақталған материалдар Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне жіберілді», - делінген хабарламада.
Құқық бұзған 49 азаматқа қатысты іс қаралып, оларға 2 миллионға жуық айыппұл салынған.