Фейк: Маңғыстау облысында қаза тапқан тағы бір сарбаз туралы ақпарат шындыққа жанаспайды

Бұл туралы Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы мәлімдеді

Фейк: Маңғыстау облысында қаза тапқан тағы бір сарбаз туралы ақпарат шындыққа жанаспайды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Маңғыстау облысында тағы бір әскери қызметшінің қаза тапқаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дереккөзге сүйенсек, бұл жалған ақпарат Facebook әлеуметтік желісінде таралған көрінеді.

«Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Шекара қызметі мен Қорғаныс министрлігі әскери қызметшінің қаза тапқаны туралы ақпаратты растаған жоқ», - деп хабарлайды Орталық.

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы әлеуметтік желідегі жалған ақпараттың арты қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін ескертеді.

Естеріңізге сала кетейік, Каспий теңізінде оқу-жаттығу барысында ауа райы бұзылып, 17 сарбаз суға кеткен. Өкініштісі, олардың 14-і қаза тауып, 3-еуі ғана аман қалған. Оқиғаға байланысты Бас прокуратура қылмыстық іс қозғап, тергеу барысын ерекше бақылауына алды. Қорғаныс министрлігі көп ұзамай қаза тапқан сарбаздардың аты-жөнін жариялады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы сарбаздардың өліміне қатысты 25 қыркүйек күні Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

25 қыркүйек күні тергеу жұмысына салғырт қарағаны үшін Қорғаныс министрлігінің бес лауазымды тұлғасын кісендеп әкетті.

Екі күннен кейін Тоқаев Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты орнынан алып тастады. Дәл сол күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Айдос Сәкенұлы Мырзахметов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі лауазымына тағайындалды.

Ақордада ауқымды кеңес өтіп, президент Қазақстан әскерінің қаржысын аудиттен өткізіп, салаға ауқымды реформа жасау туралы тапсырма берді.

Бүгін вице-президент Ерлан Қарин қаржылық аудиттің алғашқы есебі жеті күннен кейін, ал, ауқымды реформаның жоспары он күннен кейін жария болатынын мәлімдеді.