Депутаттар Каспийде қаза тапқан сарбаздардың жерлеуіне қатысып, тірі қалған әскерилердің көңілін сұрады
Үш депутат та Маңғыстау облысынан сайланған
Құрылтайға Маңғыстау облысынан сайланған «Әділет» партиясының депутаттары Аббат Өрісбаев, Марат Себасов пен Аят Сүгірбай Каспийдегі қайғылы жағдайдан кейін қаза тапқан сарбаздардың отбасына көңіл айтып, қайғыларына ортақтасқан, деп жазады Azattyq Rýhy
Сондай-ақ олар ауруханада жатқан үш матростың көңілін сұрап, оларды емдеп жатқан дәрігерлермен сөйлескен.
«Біздің өлкемізде, Маңғыстау облысында болған қайғылы жағдайға байланысты осы аймақтан сайланған үш депутат қаза болған бауырларымыздың отбасына барып, Құрылтай төрағасының көңіл айту жеделхатын жеткіздік, Құрылтай депутаттарының атынан көңіл айттық. Олардың жаназасына қатысып, топырақ салдық. Ауруханадағы інілерімізге де кіріп-шығып, көңілдерін сұрадық. Президентіміз айтқандай, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеретін мемлекеттік комиссия құрылды. Тиісті жұмыстар жасалып жатыр, нәтижесін күтеміз», - дейді Құрылтай депутаты Марат Себасов.
Депутаттар сарбаздардың жақындарымен сөйлесіп, оларға қандай көмек керек екенін сұраған.