Ақтөбе полициясы адам қағып, қашып кеткен жүргізушіні іздеп жатыр
Ақтөбе қаласына жақын Пригородный-1 ауылы маңында жаяу жүргінші мерт болған

Ақтөбе – Орск тас жолында белгісіз біреу ауыл тұрғынын қағып, оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаменті жол-көлік оқиғасы туралы көріп-білген жүргізушілерді іздеп жатыр.
«3 қараша күні сағат 6:00 мен 7:30 аралығында Ақтөбеден Орск қаласына немесе Орск қаласынан Ақтөбеге бет алған жүргізушілерден көмек сұраймыз. Қала жанындағы Пригородный-1 ауылы маңында жаяу жүргінші мерт болған. Күдікті оқиға орнынан кетіп қалды», – деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Видеотіркеу құралы бар көлік жүргізушілері мына байланыс нөміріне хабарласуды сұрады: 8/7132/936100, 936118, +7-776-546-6666, +7-778-000-2476.