«Арандатуға ермеңіздер»: Сәпиевтің орынбасары жалған ақпарат туралы мәлімдеме жасады
Дәурен Есімханов әлеуметтік желісінде жазба жариялаған
Қарағанды облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының орынбасары Дәурен Есімханов өзінің тікелей басшысы Серік Сәпиевпен арадағы кикілжіңге қатысты бірінші рет пікір білдірді, деп жазады Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, қазір әлеуметтік желі мен БАҚ беттерінде осы іске қатысты жалған ақпарат таралып жатыр.
«Қазір әлеуметтік желі мен БАҚ-та шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таралып жатыр. Арандатуға ермей, жағдайды ушықтыруға бағытталған әрекеттерге жол бермеуді сұраймын», - деп қысқа қайырған Есімханов.
Айта кетейік, өткен аптада Серік Сәпиев пен Дәурен Есімхановтың арасындағы төбелестің видеосы таралып кеткен еді. Кейін Серік Сәпиев бұл мәселеге қызмет бабындағы мәселелер себеп болғанын айтқан. Бүгін облыс әкімі Ермағанбет Бөлекбаев әкімдіктегі селекторлық отырысты осы іске қатысты комментарийден бастаған болатын.