«Ықпалы бар кей адамдар тарапынан қарсылыққа тап болдым»: Серік Сәпиев даулы жағдайдың мәнін ашып айтты
Олимпиада чемпионы орынбасары қатысқан заңсыз әрекеттерге тосқауыл қойғанын мәлімдеді
Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев орынбасары Дәурен Есімхановпен байланысты соңғы даулы жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Спорт саласының басшысы бұл оқиғаның жеке немесе тұрмыстық жанжалға еш қатысы жоқ екенін атап өтті. Оның айтуынша, мәселенің түп-төркіні аймақтағы спорт жүйесінде заңсыз әрекеттерге баруға ұмтылған белгілі бір ықпалды топтардың қарсылығынан туындаған.
«Аймақта жасырын ықпалы бар кейбір адамдар тарапынан қарсылыққа тап болдым. Облыстық спорт ұйымдарының басшыларын заңсыз ротациялауға әрекет жасалып, оған менің орынбасарым да қатысқан. Мен бұл заңсыз әрекеттерді тоқтаттым, соның салдары осы жағдайға әкелді», – деді Серік Сәпиев.
Ол қоғам тарапынан көрсетілген қолдау үшін алғыс айтып, халықтың сенімі өзіне үлкен жауапкершілік жүктейтінін жеткізді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы айқындаған қазақстандық спортты жаңғырту мен жүйелі реформаларды жүзеге асыру жолынан таймайтынын мәлімдеді.
«Ашық мәлімдеймін: Мемлекет басшысы айтқандай, қазақстандық спорттағы жүйелі реформаларды жүзеге асыру жолындағы мұндай арандатушылықтар біздің шешімімізді шайқалтпайды», – деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, бірер күн бұрын әлеуметтік желіде Қарағанды облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев өзінің орынбасары Дәурен Есімхановпен төбелескені туралы ақпарат таралған. Кейін екеуінің арасындағы кикілжіңнің видеосы тарап кеткен болатын.
Кейін ММА бойынша әлем чемпионы Айдар Махметов кикілжіңнің себебі қызметтік мәселеге байланысты болғанын айтып, тараптар арасында күш қолдану фактісі болмағанын мәлімдеді.