«Мәйіттері қорадан табылған»: Жангелдідегі көршілер ерлі-зайыптыны жер қойнына тапсырды
Марқұмдардың қызы мен ұлы қайда екені әлі белгісіз
Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жангелді ауылының халқы 1959 жылы туған Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы, 1961 жылы туған Насипа Өтешқалиеваны жер қойнына тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ақжайық» басылымына сілтеме жасай отырып.
Айта кетейік, бұған дейін із-түссіз жоғалғандар санатында болған бұл екі адамның мәйіті 6 қаңтар күні өз үйлерінің алдындағы қораның ішінен табылған. Әлдекім оларды өлтіріп, 1,5 метр тереңдікте шұңқыр қазып, екі мәйітті шұңқырға көмік, ізін жасыру үшін шұңқыр қазылған орынның үстіне диван қойып кеткен.
Кеше, 7 қаңтар күні Атырау полициясы осы екі адамды өлтірді деген күдікпен олардың күйеу баласы, 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиевті іздеуге кірісті.
Ал, ерлі-зайыптының қызы 1990 жылғы Мейрамгүл Қарабалина мен 1193 жылғы Наурыз Мақсотұлының қайда екені белгісіз.
Еске сала кетейік, Жангелдин ауылының бұл тұрғындары 2025 жылы белгісіз жағдайда жоғалып кеткен болатын. Соңғы күндері әлеуметтік желілерде тараған мәліметтер жағдайдың одан әрі күрделене түскенін көрсетті. Атырау облысында бір отбасының жұмбақ жағдайда жоғалып кетуіне байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы — «Адам өлтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тек 2026 жылдың 6 қаңтарында ғана олардың екеуінің мәйіті табылғаны туралы хабар тарады.