$ 508.91  594.36  6.33
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Атыраудағы отбасы өлімі: күдіктінің кім екені белгілі болды

Күдікті ерлі-зайыптыларды өлтіріп, қылмыс ізін жасыруға тырысқан

Атыраудағы отбасы өлімі: күдіктінің кім екені белгілі болды
Фото: azh.kz

Атырау облысы Жангелдин ауылында жоғалып кеткен отбасының екі мүшесін өлтірді деген күдікке 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиев ілінді. Ол қаза тапқан Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның күйеу баласы болып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.

Қылмыс қалай жасалған?

Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті ерлі-зайыптыларды өлтіріп, қылмыс ізін жасыруға тырысқан. Марқұмдардың денесі шаруашылық қорадан табылған.

Денелер қора ішінде қазылған тереңдігі 1,5 метрлік шұңқырға көміліп, үсті топырақпен толтырылған. Оның үстіне линолеум төселіп, диван қойылған, ал ғимарат кілтпен жабылған.

Күдіктінің бұл істі жалғыз өзі немесе сыбайластармен бірге жасағаны әлі нақтыланбаған.

Күдікті шетелде жасырынып жүр ме?

Құқық қорғау органдарындағы дереккөздердің хабарлауынша, Сұлтан Сәрсемалиев елден қашып кеткен болуы мүмкін. Қазіргі уақытта оған іздеу салынды.

Күдіктінің телефоны алдымен Өзбекстан аумағында сигнал берген. Кейінірек ол Малайзия арқылы Индонезияға өтіп кеткен болуы мүмкін деген болжам бар.

Тергеу барысында күдіктінің анасынан жауап алынды. Алайда ол ұлы мен келінінің қайда екені туралы ешқандай мәлімет бермеген.

Жоғалғандарды іздеу жалғасуда

Бұл істегі тағы бір жұмбақ жағдай — марқұмдардың үлкен қызы әрі күдіктінің әйелі Ақбаянның тағдыры. Ол әлі күнге дейін хабарсыз кеткендер тізімінде тұр.

Еске сала кетейік, Жангелдин ауылының бұл тұрғындары 2025 жылы белгісіз жағдайда жоғалып кеткен болатын. Соңғы күндері әлеуметтік желілерде тараған мәліметтер жағдайдың одан әрі күрделене түскенін көрсетті. Атырау облысында бір отбасының жұмбақ жағдайда жоғалып кетуіне байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы — «Адам өлтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тек 2026 жылдың 6 қаңтарында ғана олардың екеуінің мәйіті табылғаны туралы хабар тарады.

Серіктес жаңалықтары