$ 512.83  600.58  6.36
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.01.2026, 20:39
Оқиғалар

Атырау облысында жұмбақ күйде жоғалған жанұяға қатысты іс «Адам өлтіру» бабымен тергелуде

Із-түзсіз кеткен отбасыға қатысты тергеу аясын кеңейту мақсатында құқық қорғау органдары қылмыстық істі ауыр баппен тіркеді

Атырау облысында жұмбақ күйде жоғалған жанұяға қатысты іс «Адам өлтіру» бабымен тергелуде
Фото: Әсет Құндақбаев/Azattyq Rýhy

Атырау облысында бір отбасының жұмбақ жағдайда жоғалып кетуіне байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы — «Адам өлтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Атырау облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құттыбай Садықовтың мәлімдеуінше, қазіргі таңда тексеру жұмыстарына кедергі келтіруі мүмкін әртүрлі расталмаған ақпараттар тарап жатыр. Осыған байланысты полиция істің барысына қатысты ресми мәлімет беруді жөн көрген.

«Іздеу жұмыстары республикалық деңгейде жүргізілуде. Медициналық мекемелер, оның ішінде жеке клиникалар да қоса тексерілуде. Ұялы телефондары Қазақстан аумағының ішінде қосылып-өшірілген; олар соңғы рет Шымкентте тіркелген», — деді Құттыбай Садықов.

Сондай-ақ ол істің не себепті «Адам өлтіру» бабы бойынша тіркелгенін түсіндірді.

«Бұл олардың қаза тапты дегенін білдірмейді. Мұндай құқықтық саралау тергеу жүргізу аясын кеңейту, барлық нұсқаны жан-жақты тексеру үшін қолданылады», — деп нақтылады ол.

Еске салайық, 25 желтоқсанда Атырау қаласының тұрғыны полицияға арызданған. Оның айтуынша, ағасы мен отбасы мүшелері бір айдан астам уақыт бойы хабар-ошарсыз кеткен.

Қазіргі уақытта із-түзсіз жоғалған отбасы мүшелеріне ресми түрде іздеу жарияланған. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, төмендегі азаматтар іздестіріліп жатыр:
    •    1959 жылы туған Қарабалин Мақсот Мұқанғалиұлы;
    •    1961 жылы туған Өтешқалиева Нәсіп Бақытқызы;
    •    1990 жылы туған Қарабалина Мирамгүл Мақсотқызы;
    •    1993 жылы туған Мұқанғалиев Наурыз Мақсотұлы.

Құқық қорғау органдары отбасының қайда екенін анықтау үшін барлық қажетті жедел-іздестіру және тергеу шараларын жалғастырып жатыр.

Серіктес жаңалықтары