Қордай маңындағы жол апатында Үндістаннан келген екі студент тірідей жанып кеткен (ВИДЕО)
Тағы үшеуі ауыр жараланып, реанимацияға түскен
Алматы-Бішкек трассасындағы жан түршігерлік жол апатында Үндістаннан Қазақстанға келіп оқып жүрген екі студент мерт болды. Тағы үшеуі ауыр жараланып, реанимацияға түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үндістанның Қазақстандағы елшілігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, жол апатынан Каран Пармар мен Риширадж Бараит есімді екі студент қаза тапқан. Олар Раджастхан штатының тумалары, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында оқып жүрген.
Ал, олардың жерлестері, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында оқып жүрген Манджит Сингх Соланки мен Рахул Ядав, Қазақстанда турист ретінде болған Гуджарат штатының тумасы Бриджешкумар Бхараткумар Бхати ауыр жараланып, ауруханаға түскен.
Жол апаты осыдан екі күн бұрын, 6 қаңтарда Алмаиы-Бішкек тас жолының бойында болған. Әлеуметтік желіде таралған видеоға қарасақ, Қордай маңындағы апатта бір көліктің түгі қалмай жанып кеткен.