Қазақстан бойынша 249 бала коронавируспен ауырып жатыр
Бүгінге дейін Қазақстанда 41 065 симптомы бар және симптомсыз науқас тіркелді

Қазақстан бойынша қазір 27 319 адам, соның ішінде 249 бала коронавирустан ем алып жатыр. Бұл туралы бүгін елдегі эпидемиологиялық жағдай туралы соңғы жаңалықтарды таратқан Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова мәлім етті.
Вице-министр алдымен Қазақстанда эпидемиологиялық жағдайдың айтарлықтай ушығып тұрғанын, оның үстіне дәріханаларда дәрі-дәрмектің жоқтығы одан сайын қиындық тудырып отырғанын айтып, сұрақтарға барынша ашық жауап беремін деп уәде етті.
«Қазір Қазақстанда коронавирус инфекциясына байланысты эпидемиологиялық жағдай ушығып тұр. Ауырғандар және симптомсыз науқастар әлі тіркеліп жатыр. Сонымен қатар, дәрі-дәрмек жеткізуде де проблема пайда болып, сатылымнан кейбір дәрі-дәрмек жоғалып кетті. Осыған байланысты, бүгін мен барлық проблемалы мәселелерге тоқталып, шамам келгенше сұрақтардың бәріне жауап беруге тырысамын», - деген Бюрабекова ел бойынша қанша адам ауруханада, қанша адам үйде емделіп жатқанын хабарлады.
Бүгінде еліміз бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 41 мыңнан асып кеткен.
«Дәл қазір Қазақстанда 41 065 симптомы бар және симптомсыз науқастар тіркелді. Бір тәулікте 1604 ауру адам анықталып отыр. Жалпы, 13 558 науқас, ал бір тәулікте 550 адам жазылып шықты. Бүгінгі таңда 27 319 адам, соның ішінде 249 бала емделіп жатыр. Олардың ішінде, стационарда 11 242 адам жатыр, амбулаториялық ем алып жатқандар саны 16 077 адам», - деп хабарлады ол.
Осылайша, Қазақстан бойынша өсім 2,2%-ды құрап отыр. Бір тәулікте коронавирус ең көп анықталған өңірлер қатарынан Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалаларын көруге болады. Екі қалада бір тәулікте 86 және 56 адам КВИ жұқтырғаны анықталып отыр.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан