$ 542.29  629.54  6.77
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.07.2020, 13:01
Оқиғалар

СҚО-да жабылған кен орнынан қиыршық тас өндіргендер ұсталды

Келтірілген шығын сомасы анықталып жатыр

СҚО-да жабылған кен орнынан қиыршық тас өндіргендер ұсталды

Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданына қарасты Крещенка ауылының маңындағы ескі кен орнынан қиыршық тас өндірген күдіктілер ұсталды. Шығарылған табиғи материалдың жалпы салмағы 480 тонна. Келтірілген шығын сомасы анықталуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстан полицейлері маусымның 25-28 аралығында өткізілген «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасын қорытындылады. Нәтижесінде, облыс аумағында табиғатты қорғау заңнамасын бұзудің 153 фактісі анықталды. Экологиялық қылмыстар фактілері бойынша сотқа дейінгі екі тергеу жүргізілуде.

Рейдтік іс-шаралар барысында Шал ақын ауданының ПБ ЖПҚБ табиғатты қорғау полициясы тобының инспекторы, полиция майоры Ғали Смағұлов Крещенка ауылының маңындағы ескі кен орнында тұрған техниканы байқайды. Оқиға орнына келісімен белгісіз адамдардың екі «КамАЗ» автомашинасына қиыршық тас тиеп жатқандарын көреді.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес «Жер қойнауын өз бетінше пайдалану» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Тексеріс кезінде жергілікті серіктестік басшысы бірнеше күн бойы карьерден қиыршық тасты заңсыз тасымалдағаны белгілі болды. Ол пайдалы қазбаны өндіру бойынша ешқандай рұқсат құжаттарын рәсімдемеген, өкілетті органға жүгінбеген. Шығарылған қиыршық тастың жалпы салмағы 480 тонна. Келтірілген шығын сомасы анықталуда.

Сондай-ақ «Аң аулау қағидаларын бұзу» бабы бойынша 94 құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Балық аулау қағидаларын белшесінен басқан 32 адам анықталған.   

Тексеріс барысында азаматтық және қызметтік қаруды және оның патрондарын сатып алу, сақтау, пайдалану немесе тасымалдау қағидаларын бұзудың 21 фактісі анықталды. Барлық құқықбұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына заңнаманы қатаң ұстану қажеттілігі түсіндірілді.

 «4 материал әкімшілік сотқа жіберілді. Осындай мақсатты іс-шаралар, біріншіден, заңсыз аңшылық, биоресурстарды заңсыз жаппай жою фактілерін анықтау мен жолын кесу, сондай-ақ экологиялық қылмыстарды ашу бойынша профилактикалық жұмысты ұйымдастыруға бағытталды. Операция аяқталғанмен, облыста жануарлар мен орман шаруашылығын қорғау бойынша жұмыс жалғасады», - деді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Қанат Айтбаев.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары