Үкімет Қазақстанға келетін туристер үшін паспорттық бақылау рәсімдерін жеңілдетпек
Бүгін үкіметте кеңес өткен

Үкімет президенттің Жолдауын іске асыру аясында туризм саласын дамыту мәселелерін қаралды. Кеңесті премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Кездесу барысында орталық мемлекеттік органдар мен өңірлердің өкілдері елдің негізгі туристік дестинацияларындағы жағдай жөнінде баяндап, Президенттің тапсырмаларын орындау бойынша есеп берді.
Ермек Көшербаев қабылданып жатқан шаралардың әлі де аз екенін атап өткен. Оның айтуынша, инфрақұрылымды дамыту мен туристік нысандардағы қызмет сапасын арттыру керек. Көшербаев курорттық аймақтарды 2026 жылдың жазына дейін дұрыс дайындауды тапсырған.
Жиын қорытындысы бойынша ол мемлекеттік органдарға:
- курорттық аймақтарды абаттандыру стандарттарын әзірлеу;
- туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
- шетелдік қонақтар үшін паспорттық бақылау рәсімдерін жеңілдету;
- сұранысқа ие әуе бағыттарына халықаралық лоукостерлерді тарту;
- туристік қызмет сапасын арттыруға бағытталған шараларды іске асыру туралы тапсырма берген.