«Қатыгездік – мәдениетіміздің көрсеткіші». Министр жануарларды қорғайтын заң қабылданатынын хабарлады
Соңғы бір апта ішінде Қазақстанда үй жануарына жасалған бірнеше қатігез әрекет тіркелді

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жануарларды заң жүзінде қорғайтын бөлек заң қажеттігін айтты. Сонымен бірге соңғы күндері үй жануарларына жасалған қатыгез әрекеттерге байланысты пікір білдірді.
«Соңғы аптада жануарларға қарсы жасалған түрлі қатыгез әрекеттерге куә болдық. Интернеттегі видеоларды көріп, сайттарды оқыдық. Мен мұндай жағдайға не айтарымды да білмеймін, сөз жоқ. Сондықтан арнайы арнайы заң қабылдайтын (жануарларды қорғауға арналған – авт.) уақыт келді», - деді ол халыққа есеп беру кездесуінен кейінгі брифингте.
Министрдің айтуынша, жаңа заңның қабылдануына бірқатар депутат бастамашы болып отыр.
«Бүгін біраз депутатпен сөйлестім. Олар бастама көтеріп жатыр, біз Үкіметте қолдаймыз. Аталған мәселеге назар аударуымыз қажет деп есептеймін. Өйткені, жануарларға жасалған қатыгездік – біздің қоғамымыздың мәдениетінің де көрсеткіші. Осындай негатив жағдайларға заңмен тоқтау салмасақ болмайды», - деді Мағзұм Мырзағалиев.
Еске сала кетейік, 2 маусымда Атырау облысында итті азаптаған ер адам көпшіліктен кешірім сұрады. 3 маусым күні Петропавлда итін үйдің 4-ші қабатынан лақтырып жіберген тұрғын жауапқа тартылды. 4 маусымда Бурабайда көршісінің итін атып өлтірген азаматтың қаруын тәркілеп, оған 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салды. 5 маусымда Алматы облысында иттің күшігін тірідей өртеген жасөспірімдер ұсталды.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан