Коворкинг дауы: Нығматулин Ұлттық қор қаржысын ұқсата алмаған Білім министрін сынады
Мәжілісте 2019 жылғы республикалық бюджеттің игерілуі туралы Үкімет есебі тыңдалды

Бүгін министрлер кабинеті Мәжілісте бас қосты. Жуырда ғана Қаржы министрі болып тағайындалған Ерұлан Жамаубаев пен Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунованың есебінен кейін, депутаттар былтыр бюджетті дұрыс игермеген министрлер мен шенеуніктерді сұрақтың астына алды.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мен төменгі палата депутаттары келтірген деректерге сүйенсек, былтыр министрліктер тарапынан игерілмеген қаржы көлемі орасан. Республикалық бюджетті былай қойғанда, кейбір министрліктер Ұлттық қордан себепсіз ақша сұраған.
Мәселен, депутат Жәмила Нұрмамбетова Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке сұрақ қойып, университеттерде коворкинг орталық ашу үшін Ұлттық қордан ақша алудың қаншалықты қажеті бар екенін сұрады.
«Менің сұрағым Білім және ғылым министріне арналады. Үкіметтің есебіне сүйенсек, Білім министрлігіне 30 университетте коворкинг орталық ашу үшін 663 млн теңге берілген. Ол ақша мақсатты трансферт арқылы Ұлттық қордан бөлінген. Бірақ бұл қаражат 100 пайыз игерілмеген. Яғни, университеттерде бірде-бір коворкинг орталық ашылмаған. Үкіметтің есебі бойынша, қаражаттың игерілмеу себебі – коворкинг орталық ашуға деген сұраныстың жоқтығы екен. Егер ол орталықтарды университеттер басқа қаражат есебінен аша алатын болса және сұраныс мүлде жоқ болса, Ұлттық қордан қаражат бөлудің не қажеті бар еді?», - дейді депутат.
Бұл сұраққа жауап берген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 663 млн теңгенің түгелімен бюджетке қайтарылғанын айтты.
«Кәсіпкерлік білімді дамыту үшін университеттерде «кәсіпкерлік негіздері» оқу курстары енгізіліп, алдыңғы жылы ол курстан 100 мың студент өтті. Осы мәселені институционалды түрде бекіту үшін бизнес-инкубатормен 30 университетте 30 орталықты ашу көзделді. Бірақ, 663 млн теңге бюджетке қайтарылған болатын. Осы ретте көз жеткізгеніміз, коворкинг орталықтарын жекеменшік қор немесе бизнес есебінен ашуға болады. 30 орталық ашамыз деген мақсатымызға жетеміз. Жыл соңына дейін 5 орталық ашылады. Қалған 25 орталықты 2021 жылдың соңына дейін ашамыз», - дейді Аймағамбетов.
Депутат мен министр арасындағы әңгімеге араласқан Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, мәселе орталықтардың ашылу-ашылмауында емес, мәселе Ұлттық қордағы ақшаға деген немқұрайлылықта екен.
«Асхат Қанатұлы (күлді – авт.), тәжірибелі министрсіз. Ешкім ол орталықтардың қажеті жоқ деп айтып отырған жоқ. Сұрақ басқада. Ұлттық қордан ақша алынды. Асхат Қанатұлы, қателеспесем, Сіз былтыр маусымда министр болдыңыз, мүмкін осы миллиондаған доллар қаржы туралы білмеген шығарсыз. Жалпы, коворкинг орталық дегеніміз не? Ол қарапайым тілмен айтсақ, дәл осы жерде студенттер мен жұмыс беруші арасында диалог орнататын орын. Кеңес үкіметі кезінде оқығандар біледі, студенттерді жұмысқа бөлген кезде бәрінің басын бір жерге қосатын орын. Ал қазір бәрін әдемі шетелдік сөзге «орайды» да, оған миллиондап ақша сұрайды, онымен қоса ол ақшаны игермейді. Айтыңызшы, бұл Ұлттық қордан шұғыл түрде ақша алатын мәселе ме еді? Меніңше, олай емес. Руслан Ерболатұлы (Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов – авт.), айтыңызшы, мемлекеттік бюджеттің қайда, қалай бөлінетінін есептейтін Сіз емессіз бе? Ұлттық қордың ақшасын шашуға болмайды. Бұл туралы Елбасы да, Мемлекет басшысы да айтып отыр. Ұлттық қордың әрбір тиыны қатаң бақылауда болуы керек. Себебі, ондағы қаражатты ерекше жағдайда, қайталап айтамын, ерекше жағдайда ғана пайдалануымыз керек», - деді Нұрлан Нығматулин.
Мәжіліс спикерінің ашуын тудырған тағы бір мәселе – Білім және ғылым министрлігінің республикалық бюджетке де селқос қарайтыны.
«Ең жаманы, Ұлттық қордан ақша сұраған және ақша бөлінген министрлік (Білім және ғылым министрлігі - авт) республикалық бюджеттен 2018 жылы бөлінген 320 млн теңгені, 2019 жылы 1 млрд 65 млн теңгені игермеген. Онда неге Ұлттық қорға жүгірдіңіздер?», - деді Нығматулин.
Жалпы, Парламент мемлекеттік органдарға бір бағдарламадан артылған немесе игерілмей қалған қаражатты өз ішінде келесі бағдарламасына тартуға заңмен рұқсат берген. Оны Нұрлан Нығматулин де еске салды. Яғни, Мәжіліс төрағасы айтқандай, Білім министрлігі қарапайым коворкинг орталықтарын ашу үшін Ұлттық қорға жүгірмей, өз ішінде игере алмай қалған әлгі 1 млрд 65 млн теңге көлеміндегі республикалық бюджеттен қаражат алуға болатын еді. Енді Парламент Ұлттық қордың қаражатына тиісті деңгейге мән бермейтін министрліктерге тосқауыл қоюды тапсырды.
«Әлихан Асханұлы (Бірінші вице-премьер Әлихан Смайылов – авт.), мұндай әрекетке тұсау салу керек. Ұлттық қордағы ақшаға осындай жауапсыздықпен қарайтын органдарға әкімшілік тәртіп орнату керек. Коворкинг орталықтары үшін Ұлттық қорға жүгінген кезде, Қаржы министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі қайда қарады? Бұл не деген сапасыз жоспарлау? Алады, оның үстіне, оны игермейді. Бұлай болмайды. Әлихан Асханұлы, келісіп алайық, Үкіметте осы мәселеге қатысты әкімшілік процедуралар тәртібін бекіту керек. Ұлттық қор тек шұғыл жағдай үшін қажет», - деген Нығматулин Әлихан Смайыловтан түсініктеме сұрады.
Бірінші вице-премьер коворкинг орталықтары үшін Ұлттық қордан ақша бөлінбегенін айтып, дәлелдемек болды.
«Ұлттық қордан арнайы коворкинг орталыққа ақша бөлінген жоқ. Бұл кепілді трансферт ақшасы...», - деген Смайыловқа Нығматулин нақты дәлел ұсынды.
«Әлихан Асханұлы, мен өз Үкіметімнің қалай әрекет ететінін жақсы білемін, сондықтан алдын ала дайындалып келдім. Міне, менің қолымда Премьер-министрдің қолы қойылған республикалық бюджеттің орындалуы жөніндегі есеп тұр. Оқиық, «Университеттерде коворкинг орталық ашу қызметіне Ұлттық қордың мақсатты трансферінен қаражат бөлу туралы»... Айтарға сөзім жоқ. Ұлттық қордың қаражатына қатысты жұмысты реттеңіздер. Жарайды, министр білмеді делік, тіпті, сіз де білмейсіз ғой?.. Осы мәселені реттеңіздер», - деді Нығматулин.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан