Семейде жолақы қымбаттай ма? Нұрлан Ұранхаев жауап берді
Ол қоғамдық көліктерге субсидия төленіп жатқанын айтты
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Семейде жолақы қымбаттамайтынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Семейде жолақы қымбаттамайды. Себебі, біз бұрыннан субсидия төлеп жатырмыз. Бірақ басқа өңірлерге қарағанда бұл бізге ауырлау. Қазір автобустардың 75-80%-ы маршрутқа шығады. Егер маршрутқа 100%-ы шықса, бюджеттен оларға тоғыз миллиард теңге көлемінде субсидия төлейміз. Әрине, бұл бюджетімізге ауыр. Қазір субсидия төлеп жатқан қаражатқа компаниялар автобус сатып алып жатыр. Былтыр 70-ке жуық автобус, ал биыл 70 автобус сатып алынды. Жаңа автобустарды сатып алсақ, маршрутқа шығуды 100%-ға жеткізу арқылы мәселені шешіміз», - деді Ұранхаев.
Абай облысының әкімі автобус жүргізушілерінің жалақысына қатысты да пікір білдірді.
«Автобус жүргізушілерінің жалақысы жыл сайын көтеріледі. Жағдай жаман емес. Былтыр 30%-ға, биыл 20-30%-ға көтерілген», - деді облыс әкімі.