Мақтааралдағы су тасқынына байланысты Үкіметтік комиссия құрылды
Оған вице-премьер Роман Скляр төрағалық етеді
Үкімет басшысы Асқар Маминнің өкімімен Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы елді мекендерді су басу салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды. Бұл туралы primeminister.kz хабарлайды.
«Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярдың төрағалық етуімен комиссия құрамына орталық және жергілікті атқарушы билік органдарының басшылары кірді. Комиссия алдына келтірілген залалды бағалау және су басу салдарын жою, инженерлік, көліктік, әлеуметтік инфрақұрылымды, тұрғын үйлерді қалпына келтіру, сондай-ақ зардап шеккен тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсету міндеттері қойылды», - делінген ақпаратта.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Өзбекстан аумағындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Түркістан облысының 10 ауылын су басқанын, 22 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланғанын хабарлады.