$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.05.2020, 23:23
Үкімет

Су тасқыны: Үкімет үнсіз, ал әлеуметтік желіде қауесеттер өршіп тұр

Арнайы құрылған комиссия келтірілген шығынды есептеп жатыр

Су тасқыны: Үкімет үнсіз, ал әлеуметтік желіде қауесеттер өршіп тұр

Бірер сағат бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысында 22 мың тұрғынның апат аймағынан көшірілгенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы Twitter-дегі парақшасында Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бұзылуынан болған су тасқынынан Қазақстанның оңтүстігінде 10 елдімекенді су басқанын жазды. Тұрғындарға көмек көрсетіліп жатыр, өзбек үкіметімен келіссөздер жүріп жатыр деді.

Azattyq Ruhy тілшісімен сұқбаттасқан белгілі қоғам қайраткері Мұрат Әбенов Қазақстан Үкіметінің екі күннен бері үнсіз отырғанын айтып, су тасқынанын зардап шеккен аймаққа аяқ баспағандарын айыптайды. Әлемдік тәжірибеде Үкімет бірден халықтың алдына шығады, алып қашпа әңгіме болмас үшін, өзге пиғылдылар дүрбелеңді өз мақсатына пайдаланып кетпеу үшін әрекет етеді. Тіпті оңтүстікке бармаса да, Нұр-Сұлтанда шұғыл жиын өтетін уақыт болды, дейді Әбенов.

«Президент Тоқаев қана өз пікірін білдірді. Ол 22 мың адамның апат аймағынан көшірілгенін мәлімдеді. Ал Үкімет қайда? Осындай кезде шұғыл отырыс өтуі керек. Тапсырмалар берілуі керек еді. Салалық министрліктер, мысалы Премьер-министр болмаса да, оның орынбасары оқиға орнына баруға болар еді. Халық көмекке зәру, тыныштандыратындай, бағыт-бағдар беретіндей ресми Нұр-Сұлтаннан бір пәрмен болуы керек емес пе? Жағдайды сұрап, халықтың қасында екенін көрсетіп, қолдан келгенше көмек берілетінін оқиға орнына барып, халыққа айту керек деп ойлаймын», - дейді Қазақстанның Азаматтық альянсы вице-президенті.

Мұрат Әбенов, фото: caravan.kz

Мұрат Әбеновтің айтуынша, 22 мың адамның баспанасыз қалуы – ауқымды проблема. Олар қайда жатады, қайдан тамақтанады, ертең балалар онлайн сабақты қалай оқиды деген мәселе тұр. Әр күн санаулы, неғұрлым тез шара қолданылса, ары қарай экономикалық шығын да соғұрлым аз болады. Бүгінгі қалыптасқан жағдайдың масштабы Арыс оқиғасынан да ауқымды екенін билік түсініп, түбегейлі жоспарларды бүгін жариялауы тиіс еді деп ойын айтты М.Әбенов.

«Екі күннен бері Өзбекстаннан суды бері қарай қалай өткізіп жібергенін сұрап, бір реакция жасайтын тиісті ведмостволардың жұмысы ақсап тұр. Апаттың болғанын, ол жақтан тракторларды әкеліп жерді жыртып, суды бері қарай бұрып жатыр деген видеолар тарап, алып-қашпа әңгімелер де қаулап тұр. Мен дәл солай болды деп ойламаймын. Әлеуметтік желіге кірсеңіз, көрші елді айыптап жатқандар жетеді. Үкімет үндемей жатқан соң, қауесеттер де ел ішінде өршіп барады», - дейді сарапшы.

Бұл апат. Адамдар арасында психологиялық тұрғыдан түрлі жағдай қалыптасты. Пандемия да бір жақтан қысып тұрғанда, тез арада жұмыс жоспарын жария етіп, адамдардың көңіліне медеу болатын шараларды айқындаған абзал. Бұл шаруаға жалғыз аймақ басшысы мен жергілікті әкімдіктердің шамасы келмейді. Егер 30-40 үй бұзылса, өңірлік атқарушы билік өзі-ақ шешеді. Мұнда 10-нан астам ауыл су астында жатыр. Қазір жан-жақтан көмек керек, облыс мұны өздігінен шеше алмайды.

Ал, саясаттанушы Самат Нұртаза келген шығынды халықаралық тәжірибеге сүйеніп, көрші елден талап ету керек деп есептейді. Бұл жерде екі ел президенттерінің қарым-қатынасы үлкен рөл ойнайды. Айыппұлдың болатыны хақ, бірақ оның мөлшері қанша болады дегенде туыстығымызды да естен шығармау керек. Қазақстан мен Өзбекстанның бауырлығы, сан ғасырлық тарихи сабақтастығы мен көршілігі жеңілдіктерге, бір-біріне қатаң мінез көрсетпеуіне әлбетте түрткі болады, дейді саясаттанушы.

«Негізі осы су тасқынынан Қазақстан азаматтары қайтыс болса, талап та қатаң болады. Аллаға шүкір адам шығын жоқ. Халықаралық тәжірибедегі қарапайым қағида: бір мемлекет екінші бір мемлекетке зиян келтірсе, ол міндеті түрде өтемақы төлейді. Тіпті көршіңіз үстіңгі қабаттан су ағызып жіберсе, пәтерімді жөндеп бер деп талап етесіз ғой. Мұнда да сол сияқты. Бұл Өзбекстан тарапынан болған қателік, әдейі жасамаса да. Бірақ, біздің қазір осы шығынды өтей ме, өтемей ме деп алаңдауымыз заңдылық », - дейді С.Нұртаза. 

Самат Нұртаза, саясаттанушы

Аймақта Өмірзақ Шөкеев оқиғаны бақылауда ұстап отырғанын, тікұшақпен ұшып, мәлімдемелер жасағанын көрдік. Ал, екі президент телефон арқылы сөйлесіп, жағдай туралы ақылдасты.

«Біздің елде қаражат бар, Қасым-Жомарт Тоқаевтың президентігінің бір жылдығы таяп қалды. Сондықтан бұл мәселе де Арыс оқиғасы сияқты қазіргі мемлекет басшысына сын. Ол бұл жағдайды бақылауына алып, ушықтырмай шешеді деп ойлаймын», - дейді саясаттанушы.   

Айта кетейік, Өзбекстанда 1 мамырда қатты нөсер мен дауылдан соң Сардоба су қоймасындағы бөгет бұзылды. Ал, 2 мамыр түнгі сағат 04.30-да шекарадағы Мақтаарал ауданы аумағына су келе бастады. Тасқыннан Жеңіс, Жаңа тұрмыс ауылдарын су басты. Мырзакент-Жеңіс-Жаңа тұрмыс арасын жалғайтын тас жолдарда көлік қатынасы үзілді. Бүгін кешке аймақта он елдімекенді су басты.  

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары