Биыл фермерлердің егістіктері шегірткеден зардап шеккен жоқ – Үкімет
Елімізде шегірткеге қарсы қорғаныс шаралары аяқталды

Барлық өңірде шегірткеге қарсы өңдеу аяқталды. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Үкіметтегі орталық штаб отырысында бұл туралы белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Өңделген алқаптардың жалпы көлемі 3,1 млн гектарды құрады, бұл биыл болжанған 2,5 млн гектар көрсеткіштен 23%-ға жоғары. Биыл фермерлердің егістіктері шегірткеден зардап шеккен жоқ», - деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Енді тағы бір апта бойы жекелеген өңірлерде шегірткенің пайда болуын бақылау бойынша жұмыс жүргізіледі.
«Үкімет шегірткеге қарсы белсенді жұмыс кезеңін аяқтап, келесі жылға дайындықты бастайды. Биылғы жоспарда – шегірткенің таралу көлемі бойынша болжам жасау және өңірлерде фитосанитариялық инспекциялар пайдаланатын дернәсілдердің пайда болу орындарын мониторингтеу үшін 100 дрон сатып алу қарастырылған. 2025 жылы алқаптарды өңдеу үшін дрондар сатып алу жоспарлануда», - делінген ақпаратта.