$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.03.2020, 13:52
Үкімет

Мал өсіруге той-томалақ қана мотивация болып тұр – депутат

Депутаттың айтуынша, қазір елде азық-түлік дайындауда жеке сектордың үлесі тиімді пайдаланылып отырған жоқ

Мал өсіруге той-томалақ қана мотивация болып тұр – депутат
фото: Батыржан Беспаев

Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов Қазақстанда ет өндірісінің, мал өсіру кәсібінің тұралап қалу мәселесін көтерді.

«Бұл - қабырға қайыстыратын жағдай. Фактінің аты факт. Кеңес армиясының ширек бөлігіне жуығын етпен қамтамасыз еткен Қазақстан қазір сырттан ет сатып алатын мемлекетке айналды. Қазір елде азық-түлік дайындауда жеке сектордың үлесі тиімді пайдаланылып отырған жоқ», - деді ол Үкімет сағатында.

Депутаттың сөзінше, ауылдағы жұртшылық малды тек ішіп-жем, той-томалақ үшін өсіреді.

«Ауылдағы азаматтардың мал өсіруге деген мотивациясы төмендеп кетті. Бірінші мотивация - күнделікті ішіп-жем, екінші мотивация – тойға мал жинау. Үшінші мотивация - қонақ күту. Одан артылатын малдың ауыл адамына қажеті шамалы болып тұр. Өйткені, ол малды нарыққа қосып, ақшаға айналдыра алмайды. Аудан орталықтарының жанында тұрған адамдар болмаса, 100-200 км қашықтықта тұратындардың малды қалаға әкеп өткізетін мүмкіндігі жоқ», - деді ол жайында депутат.

Сауытбек Абдрахмановтың бұл ойын Қуаныш Сұлтанов та қолдады. Оның сөзінше, ауыл шаруашылығына мемлекеттік проблема тұрғысынан қарау керек.

«Біз ауыл шаруашылығына тек салалық деп қараймыз. Ол мемлекеттік мәселе. Егер біз оны қазір реттемесек, жағдай қиындай береді. Урбанизация заңы деп қарап отыра беруге болады. «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен де 2 мұғалім, 3 дәрігер барады. Онда да уақытша. Бүгін Ауыл шаруашылығы министрі жақсы мәліметтер келтірді, бірақ адам капиталы, оны ауылға тұрақтандыру туралы бірде-бір сөз айтылмады», - деді Қуаныш Сұлтанов.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары