«Жұмыс уақытша тоқтаса, ең төменгі жалақы алады» – Нұрымбетов төтенше жағдайға қатысты
Еңбек министрі төтенше жағдай кезінде қашықтан жұмыс істейтіндер мен қысқартылған жұмыс режиміне көшетіндердің жалақысы жайлы түсіндірді
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты еңбек қатынастары қалай өзгеретінін түсіндірді. Себебі, енді қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі бар кез келген формадағы кәсіпорындар сол режимге көшуі тиіс.
Министр соңғы жағдайға қарамастан, барлық жұмыс берушілерді қызметкерлердің алдындағы әлеуметтік міндеттерін орындауға шақырды. Нұрымбетовтың айтуынша, егер кәсіпорын қашықтан жұмыс істеу режиміне көшсе, ҚР Еңбек кодексінің 138-ші бабы бойынша еңбекақы төлеу тәртібі өзгермейді. Себебі, қызметкер кеңседегі жұмыс көлемін үйде отырып орындайды. Бірақ жұмыс беруші оған жағдай жасап беруі керек.
Ұйым басшылары қысқартылған жұмыс режиміне көшіп, жұмыс көлемін де қысқартуға құқылы.
«Бұл жерде бір аптадағы жұмыс күндерінің саны азаюы мүмкін. Не болмаса, бір күндегі жұмыс сағаты қысқаруы ықтимал. Мұндай жағдайда қызметкерлер атқарылған жұмыс сағаты үшін жалақы алады. Мысалы, 5 күндік жұмыс күні үш күнге қысқарса, айлық үш күнге есептеліп беріледі. 8 сағаттық жұмыс күні 4 сағатқа қысқарса, 4 сағат үшін ақша алады. Толық емес жұмыс күні Еңбек кодексінің 70-ші бабымен реттеледі», - деп түсіндірді Б.Нұрымбетов.
Ал мекемелер жұмысты уақытша мүлдем тоқтатса, Кодекстің 112-ші бабы бойынша қызметкерлер ең төменгі жалақыдан, яғни 42 500 теңгеден кем емес айлық алып отырады. Жекелеген ұйымдардың еңбек шартында одан жоғары сома қарастырылса, сол төленеді.
Егер ата-аналар карантинге байланысты үйде баласына қарап отыруға мәжбүр болса, онда жыл сайын алынатын еңбек демалысын осы күндерге қоюы тиіс. Қызметкердің демалысы басқа уақытқа жоспарланса, жұмыс беруші оны төтенше жағдай күндеріне ауыстыруға, тиісті ақшасын алуға құқылы.
Мекемелер жұмысшылар санын қысқартатын болса, онда жұмысшыға бір ай бұрын ескертіп, 1 ай көлеміндегі өтемақы төлейді.
«Біз биыл мемлекеттік сақтандыру туралы заңға өзгеріс енгіздік. Жұмысыңыздан айырылып қалсаңыз, алты ай бойы аталған қордан төлем алуға құқылысыз. Оның мөлшері сіздің жалақыңыздың 40%-ын құрайды. Оны алу үшін жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелу жеткілікті», - деді министр.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан