ШұғылCOVID-19: Қазақстанда 14 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған

Бейбіт Атамқұлов сырқаттанып қалды

Бүгін министрліктің алқа мәжілісі бірінші басшысыз өтті

Нұр-Сұлтанда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алқа мәжілісі өтіп, көлік, инфрақұрылым, «Нұрлы жер», әуе тасымалы, теміржол тасымалы сияқты бірқатар бағыттардың бір жылдағы қорытындысы айтылды.

Алқа мәжілісіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов қатысқан жоқ. Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр келген мәжіліске Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев модератор болды.

Алқа мәжілісіне қатыспаған жалғыз адам Атамқұлов емес. Министрлік бақылау жасайтын саладағы компаниялардың басшылары (Эйр Астана, «Жолаушылар тасымалы» АҚ, «Бәйтерек» холдингі және тағы да басқа – авт.) арасынан ««Bek Air» компаниясының өкілдері көрінген жоқ.

Алқа мәжілісінен соң министрлік өкілдері журналистерге шығып, сұхбат бермесе де, көлігіне асыққан бірінші вице-министр Қайырбек Өскенбаевтан пікір алып үлгердік. Бейбіт Атамқұловтың сырқаттанып қалғанын да осы Қайырбек Өскенбаев айтты.

«Ол кісі (министр - авт.) кішкене сырқаттанып қалды», - деді Өскенбаев Аzattyq-ruhy тілшісінің сұрағына жауап бере отырып. Өскенбаевтың айтуынша, министр екі күннен бері ауырып жатыр.

Ал «Bek Air басшылығы алқа мәжілісіне неге келген жоқ?» деген сұраққа жауап берген Өскенбаев «тергеуге қатысты шақырылған жоқ» деп жауап берді. 

«Қазір тексеру жүріп жатыр. Бірақ, білмеймін, шақырылған жоқ, залда көрген жоқпын. Авиациялық әкімшілік өз жұмысын аяқтаған соң қорытындысын айтамыз», - деді Өскенбаев.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан