ШұғылАлматыда ағаштарды заңсыз кескендерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

«ҚазАгро» созылмалы емес, жазылмайтын ауру» - вице-спикер

Гүлмира Исимбаева «ҚазАгро» ұлттық холдингінің жұмысына осындай баға берді

Айта кетейік, бүгін төменгі палатадағы үкімет сағатында «бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік аудитті одан әрі дамыту» мәселесі қаралды. Мінберге шыққан премьер-министрдің орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайлов бюджетке  жасалған аудит шаралары туралы баяндады.

Сұрақ қоюға көшкен депутаттардың арасында Жексенбай Дүйсебаев ауыл шаруашылығын қолдайды деп құрылған «ҚазАгро» ұлттық агрохолдинг компаниясының тиімсіз жұмысы туралы айтты. Айта кетейік, Жексенбай Дүйсебаев Мәжілістегі аграрлық мәселелер жөніндегі комитет мүшесі. Ал, «ҚазАгро» холдингі  соңғы төрт жылда мемлекет 473 млрд теңге бөлсе де, компания мемлекетке мүлде дивидент төлемей отыр.

«Жыл сайын үкімет пен есеп комитеттерінің есебін талқылау кезінде квазимемлекеттік сектордағы бірқатар ірі компанияның қызметі депутаттық корпустың наразылығын тудырады. Бюджет қаражатының миллиардтаған теңгесі тиімсіз пайдаланылады, уақытылы жұмсалмайды, кей кездері олар арнайы шоттарда мүлдем пайдаланылмай жатады. Мысал ретінде «ҚазАгро» холдингін алайық. Соңғы төрт жыл ішінде оларға республикалық бюджеттен шамамен 473 миллиард теңге бөлінген. 2016 жылы холдинг шығындары 92,3 миллиард теңгені, 2018 жылы 126 миллиард теңгені құрады. Осы жылдары олар мемлекетке бір теңге де дивиденд төлеген жоқ», - дейді сұрақ қойған ол.

Ал,  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында үкімет пен есеп комитетіне үш ай мерзімде мемлекеттік холдингтер, ұлттық компаниялардың тиімділігіне талдау жүргізуді тапсырған болатын. «Белгіленген үш ай уақыт өтіп кетті. Содан бері жарты жыл өтті. Осыған байланысты менің нақты сұрағым: мемлекет басшысының тапсырмасы қалай орындалды? Жүргізілген талдаудың қорытындылары қандай болып отыр?», - деді сұрағын жария еткен депутат.

Әлихан Смайыловтың хабарлауынша, Президенттің тапсырмасына байланысты Есеп комитеті, Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігінің қызметкерлерінен құралған жұмыс тобы жұмыс істеген.

«Ұлттық холдингтер бойынша «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» және «ҚазАгро» жұмыстарына тиісті талдау жүргізілді. Негізгі кемшіліктер, аталған холдингтердің рөлі мен орны біздің мемлекеттік жоспарлау жүйесінде жоқ деп айтуға болады. Екіншіден, кейбір инвестициялық жобаларды тиімсіз шешуде кемшіліктер бар. Сосын, борыштық міндеттемелерінің бұзылуы байқалады. Осындай кемшіліктер көрінді. Осыған сәйкес,  тиісті ұсыныстар айтылды», - деп хабарлады ол.

Президент әкімшілігіне кеткен ұсыныстардың біріншісі -  барлық мемлекеттік холдингтердің стратегиялық жоспардау жұмыстарын жетілдіруге қатысты болған. Екінші ұсыныс -  олардың сатып алуларын бірыңғай заңмен қатарлас ету. «Қазіргі бірыңғай сатып алу заңы бойынша жоба әзірлеп жатырмыз», - деді осы ұсынысқа қатысты нақты жұмыс басталғанын хабарлаған Смайылов. Үшінші ұсыныс - кейбір квазимемлекеттік органдардың еншілес компанияларын тікелей министрліктерге беру.

«Осы бірқатар ұсыныстар біздің тарапымыздан былтыр желтоқсан айында Президент әкімшілігіне енгізілді. Ал, «ҚазАгро» холдингін жеке айтатын болсақ, өздеріңіз білесіздер, былтыр ҚазАгроның алдында оңтайландыру бойынша үлкен тапсырмалар қойылды. Нәтижесінде, қазір біз көріп отырмыз, штат саны қысқарды. Биыл тағы да «ҚазАгроның» шығындары  2 млрд теңгеге азаяды. Жалпы, шығындар он бес есе азайып, биыл олар таза табысқа шығады. Саланы қаржыландыру 77 млрд теңгеге ұлғады, яғни, 400 млрд теңгеден 477 млрд теңгеге жетті.  Енді бұл алғашқы нәтижелер, бұл жерде проблемалар көп. Біз тиісті ұсыныстарды президент әкімшілігіне бердік. Ұсыныстар есеп комитетінің тарапынан кетті», - дейді Қаржы министр.

Әлихан Смайыловтың жауабына қанағаттанбаған депутат мемлекет бұл холдингті алғаш рет қолдап отырмағанын, осыған дейін қанша қаражат құйылса да, ауыл шаруашылығына пайдасы болмағынын айтты.

«Бұл холдингті біз бірінші рет көтеріп отырған жоқпыз, сіз оны білесіз. Біз ылғи талдаймыз, бірақ нәтиже жоқ. Осыған қатысты нақты өз ойыңызды айтыңызшы, осы холдинг ауыл шаруашылығын байытуға, оның деңгейін кеңейтуге, ары қарай жолын ашуға қажеті бар ма, жоқ па?», - деген сұраққа жауап берген Смайылов та «есесін қайтарған» жоқ. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығын қолдауға бәрі бір мемлекеттік институт қажет.

«...Егер біз бұл холдингті жойып тастап, тек банк секторына  сүйенетін болсақ, банктер ешқашан ол жерге (ауыл шаруашылығы саласына - авт) бармайды. Неге десеңіз, олардың талаптары өте қатал, банк жүйесінің нормативтері өте қатты. Ал, біздің ауыл шаруашылығындағы кепілдер  банк қоятын талаптарға сай емес. Сондықтан, ауыл шаруашылығын қолжетімді тариф бойынша қаржыландыратын мемлекеттік институттар керек. Ал келесі сұрақ, сіз айтқандай,  жұмысын оңтайландыруымыз керек, тиімділігін көтеруіміз керек», - дейді Қаржы министрі.

Бұл уәжге жауап берген Мәжілістің вице-спикері «ҚазАгро» холдингі Қазақстан үшін «емі жоқ ауру» сияқты деп бағалап, «жоймасаңыздар, дұрыс жұмыс істеуін қадағалау керек» деді.

«Жексенбай Қартабайұлы, жарыссөзге қатысып, өз пікіріңізді айтыңыз. Әлихан Асханұлы, банктер айналыса алмайды дейсіз, ал, «ҚазАгроның» тиімділігі мен нәтижесі жоқ екенін көріп отырмыз. «ҚазАгро» созылмалы емес, менің ойымша, жазылмайтын ауруға айналды. Сондықтан, ауыл шаруашылығын қолдаудың басқа жүйесін ойластыру керек», - деді Гүлмира ИСимбаева.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан 

Тегтер: