ШұғылАлматыда ағаштарды заңсыз кескендерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Үкімет Қордайдағы жанжал зардабын жою үшін резервтен қаражат бөледі – Әлихан Смайылов

Қазір оқиға орнында вице-премьер Бердібек Сапараевтың төрағалығымен үкіметтік комиссия тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр

Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов Қордайда болған жанжалға байланысты құрылған үкіметтік комиссия жұмысын таяу күндері аяқтайтынын мәлімдеді. Әзірге өртенген үйлер мен автокөліктердің қаншалықты залал әкелгені, сондай-ақ қаза тапқандардың жақындарына берілетін материалдық көмектің нақты мөлшері белгісіз.

«Үкіметтік комиссия қазір Қордай ауданында жұмыс істеп жатыр. Бүгін-ертең жұмысын аяқтайды. Сол жұмыстың нәтижесі бойынша ақша бөлу туралы шешім қабылданады. Қаражат бюджет резервінен бөлінеді», - деді Премьер-министрдің орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов.

Жамбыл облысының Қордай ауданында болған жанжал салдарынан бірнеше үй мен автокөлік өртеніп, 11 адам қаза тапқаны хабарланды. Қазір оқиға орнында Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапараевтың төрағалығымен үкіметтік комиссия тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Мемлекет басшысы үкіметтік комиссияға қираған үйлердің барлығын қалпына келтіру бойынша жұмыс жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын.

Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан