$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.02.2020, 17:22
Үкімет

Әлихан Смайылов не үшін Мәжіліс вице-спикерімен келіспей қалды?

Бірінші вице-премьер «ҚазАгро» холдингі биылдан бастап табысқа кенелетінін айтады

Әлихан Смайылов не үшін Мәжіліс вице-спикерімен келіспей қалды?
фотода: Бірінші вице-премьер Әлихан Смайылов пен Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында бірінші вице-премьер Әлихан Смайылов мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар, квазимемлекеттік органдардың қаржылай қызметіне жасалатын аудит шаралары туралы баяндады.

Мәжіліс депутаттары, соның ішінде, вице-спикер Гүлмира Исимбаева ауыл шаруашылығын дамыту үшін құрылған «ҚазАгро» холдингі тиімсіз жұмыс істеп отырғанын айтып, сынаған еді.

«ҚазАгроның» тиімділігі мен нәтижесі жоқ екенін көріп отырмыз. «ҚазАгро» созылмалы емес, менің ойымша, жазылмайтын ауруға айналды. Сондықтан, ауыл шаруашылығын қолдаудың басқа жүйесін ойластыру керек», - деді Гүлмира Исимбаева.

Дегенмен, Қаржы министрі бұл пікірмен мүлде келіспейтінін айтып, «ҚазАгро» неше жыл бойы шығынға батса да, биылдан табыс табатынын айтып, компанияны «ақтады».

«Жоқ, келіспеймін. Оған қатысты (холдингке – авт.) тиісті модернизациялау жұмыстары жүріп жатыр. Біріншіден, «ҚазАгро» өзінің әкімшілік шығындарын 800 млн теңгеге қысқартты, биыл ол шығын тағы 2 млрд теңгеге қысқарады. Еншілес компаниялардың саны 7 компаниядан үш компанияға дейін азайғалы жатыр. «ҚазАгроның» шығындары он бес есе төмендеді. Биыл оң нәтиже көрсетіп, яғни, 300 млн теңгеден астам табыс табады. Соңғы жылдары олар шығында болған еді», - деді Әлихан Смайылов.

Бірінші вице-премьердің айтуынша, ауыл шаруашылығы саласындағы қаржылай проблеманың бәрі «ҚазАгроның» жұмысымен ғана байланысты емес.

«Ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыруда көптеген проблема бар. Осы саланы қаржыландыру мәселесін түбегейлі қарап, тағы да бірқатар тиісті шешімдер қабылдау керек. Үкімет Ауыл шаруашылығы министрлігі берген ұсыныстарды талқылап жатыр», - деді Әлихан Смайылов.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары