ШұғылҚазақстанда тағы 517 адамнан коронавирус анықталды

Сапарбаев Қордайда зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін айтты

Қордайда қаза тапқандарды соңғы сапарға шығарып салды

Жамбыл облысы Қордай ауданында қақтығыс салдарынан қаза тапқандарды соңғы сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Вице-премьер Бердібек Сапарбаев үкіметтік комиссия мүшелерімен бірге Ауқатты ауылының қақтығыста қаза тапқан азаматтарының отбасыларына барып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан көңіл айтты.  

 

«Президенттің және Үкіметтің атынан қайғыра көңіл айтамыз. Біз сіздерді қиындықта жалғыз қалдырмаймыз. Сіздерді қауіпсіздікпен қамтамасыз етеміз. Біз қашанда тату-тәтті өмір сүріп келдік, алдағыи уақытта да солай береді. Біз бәріңіздің отбасыңызға көмектеміз, мемлекет сіздерге қолдау білдіреді», – деді Сапарбаев.

Қаза тапқандардың туыстары мен жергілікті тұрғындар билік өкілдерінен кінәлілерді тауып, жазаға тартуды сұрады. 

«Бұл қылмыстық әрекет деп ойлаймыз. Ауылда бейтаныс жандар жүрді, олардың арасында мас адамдар да болды. Олар үйлерді өртеп, аспанға қару атып, ақша мен алтын талап етті. Шықпасаңдар, үйлерің өртенеді деп қорқытты», – деді жерлеу рәсіміне келгендер. 

Бердібек Сапарбаев арандатушылар мен қақтығысқа қатысқандардың ешқайсының заң алдындағы жауапкершіліктен құтылып кете алмайтынын айтты. Ол сондай-ақ, барлық зардап шегушілерге шығындарының қалпына келтірілетінін, өтемақы төлеу мәселесі қарастырылып жатқанын, үйінен айрылғандарға үй салынатынын мәлімдеді. 

Еске сала кетсек, 7 ақпан күні Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылында тұрғындар арасында жаппай төбелес болған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қордайдағы оқиғаның бұзақылық екенін, оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болғанын айтты.

8 ақпан күні ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаев оқиға салдарынан 8 адам қаза тауып, 40-тан астам адам зардап шеккенін, қазіргі таңда оқиғаға қатысы бар 47 адамның ұсталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы осы жағдайға байланысты мәлімдеме жасап, жаппай төбелес барысында қайтыс болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтты

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қордай ауданындағы оқиға салдарын жою жөніндегі Үкімет комиссиясы құрылды.

9 ақпан күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы жағдайға жол берген меморган қызметкерлері мен арандатушылардың жауапқа тартылатынын мәлімдеді.

Сұхбат