$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.01.2020, 17:30
Үкімет

Президент кеңесшісі Еңбек министрінің отставкасын талап етті

Экономист Олжас Құдайбергенов министрлік Тоқаевтың тапсырмасын орындай алмады деп есептейді

Президент кеңесшісі Еңбек министрінің отставкасын талап етті
Фотоколлаж

Бүгін Президенттің штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов бүгін Үкіметтің зейнетақы реформасы бойынша жұмыс тобы құрамынан шыққанын мәлімдеді. Себебі, ол Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің Президенттің халықтың зейнетақы қорындағы ақшасын кәдеге жаратуға байланысты тапсырмасын орындай алмады деп есептейді.

«Министр зейнетақы жинағындағы ақшаны салымшылардың 1%-ына ғана пайдалануға рұқсат беру туралы ұсыныс берді. Ал, ол адамдардың көбінің баспанасы бұрыннан бар. Сондықтан, бұл шара жағдайды мүлдем өзгертпейді. Мен Президент тапсырмасы орындалмағанын айтқанымда, министр «қордағы ақшасына қол жеткізетіндер көбейеді, реформа болады» деп сендірді. Енді оның бүгінгі мәлімдемесінен кейін мені алдап кеткенін түсіндім», - деп жазды Facebook парақшасында экономист.

Президент кеңесшісі министрдің «Сингапурлық зейнетақы жүйесін Қазақстанға енгізуге дайын емеспіз» деген сөзіне де қарсы. Сонымен қатар, зейнетақы реформасы бойынша жұмыс тобында бұрынғы еңбек министрі, қазіргі «Еңбек қатынастарын дамыту орталығының» басшысы Тамара Дүйсенованың болуы саяси қателік деп санайды.

«Мен министрді жұмыс тобының отырысында бірде-бір рет көрмедім. Еңбек министрлігінде қос билік бар секілді. Бұрынғы министрді қазіргі министрдің қол астында жұмыс істету дұрыс емес. Оның үстіне, бүгінгі министр бұрынғысына (Тамара Дүйсенова – авт.) бағынып отыр. Дүйсенова 2013-2018 жылдары Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі болып, зейнетақы реформасымен айналысты. Сондықтан зейнетақы жүйесінің кері кетуіне сол жауапты. Жұмыс берушінің қызметкердің шотына қосымша 5% ақша аудару туралы бастамасы Дүйсенованың кезінде айтылған. Енді жұмыс тобына қатысып, Президентке хат жолдап, ешқандай проблема жоқтай көрсеткісі келеді. Бұл дұрыс шешім қабылдауға алып келмейді. Дүйсенова да, Нұрымбетов те Президент тапсырмасын орындамағаны үшін отставкаға кетуі керек», - деп жазды Олжас Құдайбергенов.

«Azattyq Ruhy» тілшісі Сенатта өтукен жиналыстан кейін экономист Олжас Құдайбергеновтың жазбасына байланысты министр Біржан Нұрымбетовтің пікірін сұрады.

«Сингапурдағы орташа жалақы бізге қарағанда көп. Теңгемен шаққанда 1 млн 330 мың теңге, бізде 181 мың теңге. Ол жақта зейнетақы қорына азаматтардың ай сайынғы жалақысының 10% емес, 37%-ы аударылады. Сингапурда бұл жүйе 60 жылдардан бері болған. Иә, мүмкін ол уақытта жалақы біздікінен төмен болған шығар. Бірақ Ли Куан Ю тұрғын үй мәселесіне қатты көңіл беріп, жүйені көп жылдар бойы қалыптастырды. Олжас та ренжімесін, дәл бүгін біздің еліміздегі зейнетақы қорындағы қаржыны Сингапурдағыдай таратып беруге мүмкіндігіміз жоқ. Ол модельге жету керек, қарсы емеспін. Олжаспен аталған мәселені талқылағанбыз. Біздің елде тұрғын үй жинақтаушы жүйесін де енгізген жөн шығар. Олжас Құдайбергенов соған қатысты өз моделін алып келіп, көрсетем деп уәде берген», - деп жауап берді министр Президент кеңесшісіне.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Сенат қабырғасында өткен дөңгелек үстелде зейнетақы ақшасын басқа мақсаттарға жұмсаудың жаңа механизмі туралы айтқан. Ол азаматтарға қордағы ақшаны жас ерекшеліктеріне байланысты беруді ұсынды. Бұл ретте, ақшаны шешіп алған күнде де 30 жасқа толған ер адамның есепшотында 6,7 млн, әйелдердің шотында 9,7 млн теңге қалуы керек.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары