Авиация комитеті Қытаймен арадағы әуе рейстеріне қатысты түсінік берді
Үкімет шешімімен 3 ақпаннан бастап Қазақстан мен Қытай арасындағы тұрақты әуе рейстері тоқтатылады
Қытай Халық Республикасындағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты вице-премьер Бердібек Сапарбаевтың басшылығымен Қазақстан Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссия 3 ақпаннан бастап Қытаймен арадағы тұрақты әуе қатынасын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады.
Екі ел арасында тұрақты рейстерді орындайтын «Эйр Астана», «SCAT» (Қазақстан), «China Southern Airlines» және «Air China» (Қытай) әуе компанияларының борттары Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қытайдың Бейжің, Үрімші, Сиань, Санья, Хайкоу қалалары арасында орындалады. Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті хабарлады.
«Ағымдағы жылдың 3 ақпанынан бастап жоғарыда көрсетілген рейстерге билет алған жолаушылар әуе билеттерді сатып алу орны бойынша қайтаруды рәсімдеуі қажет. Әуе билеттерді қайтару айыппұлсыз рәсімделеді және билет құны толық көлемде қайтарылады. Қалған жолаушыларды шығару үшін Бейжің және Үрімші қалаларынан қосымша рейстер ұйымдастырылады», - делінген комитет хабарламасында.
Бұған дейін Қазақстан Үкіметінің шешімімен, коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында Қазақстан аумағында 72 сағат визасыз тәртіппен жүретін Қытай азаматтарына қатысты режимді уақытша тоқтатты. Сондай-ақ, жағдай дұрысталғанша азаматтарға басқа да көлік құралдарымен ҚХР-ға сапарға шығудан бас тартуға шақырды.