Қытайда коронавируспен ауырғандар арасында қазақстандықтар жоқ – министрлік
ҚР СІМ қазір Қытайдағы қазақстандықтардың нақты санын анықтап жатыр
Қытайда коронавирус індетін жұқтырғандар арасында қазақстандықтар жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазіргі уақытта Қазақстан азаматтары Қытайдың ондаған қалаларында жүр. Олардың көпшілігі түрлі себептермен консулдыққа тіркелмейді. ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Бейжіңдегі елшілігі арқылы Қытайдың мемлекеттік органдарымен бірлесіп, ҚХР-дағы Қазақстан азаматтарының нақты санын анықтап жатыр», - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ведомство сондай-ақ, қазіргі уақытта тек Қазақстан ғана емес, әлемнің өзге елдері де өз азаматтарын эвакуациялау мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтады. Ухань қаласына карантин енгізілуіне байланысты қоғамдық көліктер мен халықаралық автобус, теміржол және әуе қатынасы тоқтатылды. Қазіргі таңда коронавирус індетіне қатысты жаңа болжамдар жария болуда.
«Оқиға айналасында мәселені ушықтырмауды сұраймыз. Еліміздің Үкіметі вирустың Қазақстан аумағына енуін шектеу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Қытайдағы Қазақстан елшілігінің ақпаратына сәйкес, 2020 жылғы 27 қаңтардағы жағдай бойынша, ҚХР аумағында анықталған коронавирустың жаңа түрінен туындаған ауру пациенттердің арасында ҚР азаматтары жоқ», – деп атап өтті министрлік өкілдері.
ҚР Сыртқы істер министрлігі сондай-ақ, бүгінгі таңда Қытайдың денсаулық сақтау органдары да вирустың ҚХР аймағынан тыс жерлерге кеңінен таралуын болдырмау үшін тиісті шаралар қабылдап жатқанын, ал қосымша қабылданатын шаралар туралы дер кезінде жариялап отыратынын да мәлімдеді.
«Үкіметте өткен кеңесте біздің азаматтарымыздың эпидемиологиялық қауіп-қатерлерді жойғанша ҚХР-ға шығуын шектеу туралы берілген ұсынымдарын қайта атап өткіміз келеді. Сондай-ақ, карантин себебінен жергілікті билік тарапынан оқшауланбаған қалалардағы азаматтарға отанына оралу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз», - делінген хабарламада.
Қазақстанның Бейжіңдегі Елшілігі мен Шанхай және Гонконг қалаларындағы бас консулдықтардың ҚХР азаматтары үшін визалар беру жұмысы штаттық режимде жүргізілуде. Шектеу Қазақстан арқылы транзитпен ұшатын Қытай азаматтары үшін 72 сағаттық визасыз режимге ғана қатысты болмақ.
Айта кетсек, бүгінде Қытайдың Ухань қаласынан тараған коронавирус салдарынан 81 адамның көз жұмғаны белгілі болып отыр. Ал 1,9 мыңнан астам адам ауру жұқтырған.
Аталмыш індет Қытайдан өзге, Таиланд, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Вьетнам, Сингапур, Непал, Франция, Австралия, Малайзия және Канада сияқты елдерге де жеткен.