Коронавирус: қайтыс болғандар саны 80-ге жетті
Қауіпті індеттің өршуіне байланысты халықаралық теннис турнирі Қытайда емес, Қазақстанда өтетін болды
Соңғы тәулікте Қытайда короновирустан 24 адам көз жұмды. Осылайша «жұмбақ» инфекция жұқтырып қайтыс болғандардың жалпы саны 80-ге жетті. Бұл туралы «Интерфакс» агенттігі хабарлады.
Ал ауруды жұқтырғандардың саны 2794 болды. Оның ішінде 769 жағдай кеше тіркелді. Бұдан бөлек, 3,8 мың адам инфекция жұқтырды деген күдікке ілінген.
ҚХР денсаулық жөніндегі комитетінің мәліметінше, барлық өлім жағдайлары Хубэй провинциясында тіркеліп жатыр. Аталған провинцияның әкімшілік орталығы Ухань қаласы - аурудың эпицентрі. Қытайдың басқа аймақтарына келсек, Гонконгта – 8, Макаода – 5, Тайванда – 4 жағдай болды.
Инфекцияны Таиланда 7 адам, Австралия мен Сингапурда, Оңтүстік Корея, АҚШ 4 адам, Жапония, Малайзия, Францияда 3 адамнан және Непалда бір адам жұқтырған.
Айта кетейік, Қазақстанда кеше ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин індеттің алдын алу үшін атқарушы органдарға шұғыл шаралар қабылдауға тапсырма берді.
Сонымен қатар,Халықаралық теннис федерациясы 4-8 ақпанда Қытайдың Дунгуан қаласында өтеді деп жоспарланған теннис турнирінің короновирусқа байланысты Нұр-Сұлтан қаласына ауыстырылатынын хабарлады. Ол жөнінде The New York Times жазған.
«Іс-шара Қытайдағы қозғалыстың шектелуіне байланысты ауыстырылды. Бұл жөнінде қауіпсіздік жөніндегі тәуелсіз кеңесшілермен ақылдастық», - делінген федерация хабарламасында.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан