ШұғылҚазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 110 мыңнан асты

Жиын-тойды қысқарту: Үкімет иммидждік шаралардан әзірге 30 млрд теңге үнемдеді

Премьер-Министр Асқар Мамин өткен аптада Президент берген тапсырмалар бойынша министрлерден нақты ұсыныстар сұрады 

Оның ішінде қымбат көлік пен жиһаз сатып алуға, имидждік шаралар өткізуге тиым салу бойынша мәселе де қозғалды. Үкімет кулуарында Премьер-министрдің орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайылов бұған байланысты бір аптада ұсыныс әзірлейтінін айтты.

«Президент қымбат жиһаз бен көлік сатып алуға тыйым салды. Осы мәселе бар. Сосын басқа приоритетті емес шығындарды тоқтатуға немесе келесі жылдарға қалдыруға, барлық мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік компаниялардың шығындарын оңтайландыру бойынша тапсырма берді.

Енді барлық мемлекеттік органдар, компаниялар бір аптада қаржы министрлігіне ұсыныс беруі керек. Одан кейін бұл сұрақты қайтадан Үкімет отырысына шығарамыз. Былтыр біз 2020 жылдың бюджетін қараған кезде 1 трлн теңгеге оңтайландыру жүргіздік. Соның ішіндегі 30 млрд теңге имидждік шараларға бөлінуі керек болған»,- деді ол.

Экономика министрі Руслан Дәленов те жоспарда қажетсіз іс-шаралар бар екенін жоққа шығармады.

«Пайдасыз іс-шара болмауы керек. Биыл инвентаризация өткіздік. 30 млрд теңге үнемдедік. Енді тағы бір рет сондай инвентаризация өткізу керек. Мүмкін, бас тартуға болатын басқа да шығындар шығар. Мемлекеттік органдар қазір шетелде шығарылған көліктерді алмайды. Біз тасымалдау қызметін аутсорсингке бердік»,- деді Р.Дәленов.

Әзірге Президент тапсырмасынан нақты қанша теңге үнемделетіні белгісіз. Ә.Смайылов жиһаздар мен көліктердің шекті бағасы қандай болатынын да айтпады.

Абай Сейфулла , Нұр-Сұлтан