ШұғылCOVID-19: Өткен тәулікте 2,5 мың адамнан вирус анықталды

Халықаралық лоукостер Түркістан мен Алматыға әуе рейстерін ашуға қызығушылық танытты

2020 жылы WizzAir әуе компаниясының жолаушылар айналымы 40 млн адамды құрады

көрнекі фото

Қазақстан Премьер-министрі Асқар Мамин WizzAir әуе компаниясының бас атқарушы директоры Джозеф Варадиді қабылдады.

Джозеф Варади Қазақстан премьерінің наурыз айындағы БАӘ-ге сапары аясында қол жеткізілген «Абу-Даби – Алматы» және «Абу-Даби – Нұр-Сұлтан» бағыттары бойынша WizzAir-дың тұрақты жолаушылар әуе тасымалын бастау туралы уағдаластықтың іске асырылу барысы туралы баяндады.

Сонымен қатар тараптар халықаралық бизнес және туристік қоғамдастық қызығушылық танытып отырған Түркістан, Алматы және Қазақстанның басқа да қалаларына WizzAir әуе рейстерін ашу келешегін, сондай-ақ аймақтағы және әлемдегі аса перспективалы сауда бағыттары бойынша әуе жүк тасымалын ұйымдастыруды талқылады.

Бұдан бөлек, WizzAir әуе компаниясы Қазақстанда жаңа буындағы авиаотын өндірісін – «тұрақты авиациялық отынды» (sustainable aviation fuel) өндіруді ұйымдастыруға қызығушылық танытты.

WizzAir компаниясы — Орталық және Шығыс Еуропадағы ең ірі бюджеттік әуе тасымалдаушысы. Әуе компаниясының әуе кемелері паркі Airbus A320 және A321 ұшақтарынан тұрады. 2020 жылы компанияның жолаушылар айналымы 40 млн адамды құрады, кірісі – 2,8 млрд еуро. Еуропаның 47 еліне және одан тыс жерлерге 900 бағыт бойынша бюджеттік әуе рейстерін орындайды.