ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2656 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

Жер туралы жаңа заң жобасы: шетелдіктер мен қандастарға жер сатылмауы мүмкін

12 наурызда Тоқаев жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын Мәжіліске жолдады

Коллаж

Биыл 31 желтоқсанда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жояды. Естеріңізде болса, 2015 жылы 2 қарашада Қазақстанның Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осы заңның 24-ші бабы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге жалға беру мерзімі 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартылған еді. Ал ауыл шаруашылығымен айнылысқысы келетін жергілікті халық жерді тек аукцион арқылы жекеменшікке сатып алуға құқылы болды.

Жер кодексі күшіне енген соң, қоғам белсенділері ауылшаруашылық жерлерін сату және қазақстандық азаматтығы жоқ адамдарға жалға беру мәселесін республикалық референдум арқылы шешуді ұсынды. 2016 жылы мұның арты жаппай қарсылық шараларына ұласып, елде жер реформасы туралы комиссия құрылып, Мемлекет басшысы мораторий енгізу туралы жарлыққа қол қойды.

Міне, содан бері 5 жылға жуық уақыт өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы халыққа жолдауында Жер кодексінің жобасын дайындауды Үкіметке емес, өз әкімшілігіне тапсырған болатын. Мемлекет басшысы ауылшарушылық жерлерін шетелдіктерге сату немесе жалға беруге байланысты баптарды пысықтауды және Қазақстан азаматтарының мүддесін ескеруді міндеттеген еді. Осы аптада Мемлекет басшысы аталмыш заң жобасына Парламентке жолдады. Заң жобасымен ҚР Мәжілісінің ресми сайтынан танысуға болады.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңның 24- бабы 1-ші тармағы төмендегідей редакцияда жазылған: 

  • «Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, сондай-ақ шетелдіктер қатысатын Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары, халықаралық ұйымдар, халықаралық қатысатын ғылыми орталықтар, сондай-ақ қандастар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік, сондай-ақ уақытша жер пайдалану құқығымен иелене алмайды»;
  • «Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiнiң меншiк иесi Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққан кезде азаматтықтан шыққан кезден бастап үш ай ішінде меншік иесінің таңдауы бойынша жер учаскесi иеліктен шығарылуға не жергiлiктi атқарушы органның келісімімен жер учаскесi мемлекеттен (меншік иесінен) сатып алынған баға бойынша осы учаскенiң бағасы төлене отырып, мемлекет меншiгiне қайтарылуға тиіс»;

Айта кету керек, 2016 жылдан бері ел күткен заңның жобасын талқылайтын жұмыс тобы осы бейсенбіде (18 наурызда) алғашқы отырысын өткізетін болды. Жұмыс тобына ҚР Мәжілісі жанындағы аграрлық мәселелер жөніндегі комитет төрағасы Ерлан Барлыбаев жетекшілік етпек. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан айтты. Жер проблемасына қатысты ойын ашық білдіріп жүрген белсенді «Жер кодексіне» енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға қатысты пікірін білдірді.

«Иә, осы бейсенбіде Мәжілісте жұмысшы топтың алғашқы отырысы өтеді. Сол заң жобасының презентациясы болады деп, маған шақырту жіберді. Ал, Жер комиссиясының отырысы наурыздың 25-не дейін өтеді деп жоспарланып отыр. Ол басқа, осы аптада болатын шарамен шатастырмау керек. Аталған заң жобасын Президент әкімшілігі дайындап, тікелей Мәжіліске жіберген. Бұл жерде Үкіметтің ешқандай қатысы жоқ. Президентте ондай құқық бар. Әлбетте, бұл прецедент. Өйткені, жылдар бойы Үкімет ештеңе істеген жоқ. Ауылшаруашылық министрлігі өз алдына қойған тапсырманы ойдағыдай орындай алмады деп ойлаймын. Сондықтан Президент әкімшілігі заң жобасын өзі жасаған сияқты», - деді Мұхтар Тайжан.

Парламентке түскен заң жобасының тағы бір ерекшелігі - енді шетелден келген этникалық қазақтарға да жерді беру басқаша реттеледі. Қандастар делінген 24-бапта «Қандастар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік, сондай-ақ уақытша жер пайдалану құқығымен иелене алмайды» деген жолдар кездеседі.

Ал 46-бапта «Қандастарға жеке қосалқы шаруашылық жүргізу, бағбандық және саяжай салу үшін жер учаскелерін беру, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қоспағанда, ауылдық елді мекендердің жерінен, арнайы жер қорынан және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қоспағанда, босалқы жерден уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен жүзеге асырылады» деп көрсетілген. Демек, мәселе тек ауыл шаруашылық жерлеріне ғана қатысты. Қандастар үшін басқа шектеулер жоқ.

Мұхтар Тайжан заңдағы қандастарға қатысты баппен келісетінін айтады. Ол бұл өзгерістер осы күнге дейін «оралман» деп келген өз қандастарымыздың құқығын шектеу емес, шетелдіктердің жымысқы ойын іске асыруына жол бермеу деп түсіндірді. Сондай-ақ сарапшы заңды әзірлегендер мұны дұрыс ескерген деп есептейді.  

«Үлкен көлемдегі жерлер, яғни, ол тек қана ауылшаруашылыққа арналған жерлер, мыңдаған, миллиондаған гектар жерлер шетел азаматтарына және шетелдіктердің кез-келген үлесі бар заңды тұлғаларына жалға немесе жеке меншікке берілмейді» деген бап қабылдануы тиіс. Нақты айтқанда Жер кодексінің 24-бабы түбегейлі басқаша қабылдануы керек.  

Сондай-ақ қандастар - кешегі шетел азаматтары. Нақты айтқанда, Қытайдың да азаматтары болуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселені де біз мұқият қарауымыз керек. Өйткені, «қандаспын» деп жүрген кей азаматтар шын мәнінде қандас болмауы да мүмкін. Қытай да келіп, «мен де қандаспын» деуі мүмкін. Осыған байланысты жұмысшы тобында ақылдасып, дұрыс шешім қабылдаймыз деп үміттенемін», - дейді қоғам белсендісі.  

ҚР Сенатында Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев қандастарға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік, сондай-ақ уақытша жер пайдалану құқығымен иелене алмайды деген бапты дұрыстап талқылу керектігін айтады. Депутат шетелден тарихи отанына оралып, отбасын ауылшарушылық саласындағы еңбекпен асырауға мүдделі қандастарға ешқандай кедергі болмауы тиіс деп есептейді.

«Соңғы кездері қандастарға жерді сатып беру керек дегенді жиі естимін. Егер қандастарға жер беруге болмайды десе, мен оған қарсы болар едім. Бұл жерде ұзақ мерзімге жалға беру, 49 жылға жалға беру, осы уақыт ішінде жерді иеленуге мүмкіндік алып жатса, оның еш зияны жоқ. Енді қандастар деген мәртебені алудың да заңдық процедуралары бар. Бірінші, қандастар деген статус алады, сосын Қазақстан азаматтығын алады. Бұл заң жобасында осы екі аралықтағы мәселені айтып отырған болуы керек. Егер шетелдегі бауырларымыз көшіп келіп, азамат атанып, жер алып, отбасын асырайтын болса, оған жағдай жасалуы керек деп ойлаймын», - деді сенатор.

 Ришат Асқарбекұлы, Алматы