Енді түлектер колледжге түсу үшін емтихан тапсырмайды - БҒМ
Жаңа механизм бойынша абитуренттер колледжді әрі мамандықты өздері таңдайды

Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында жаңа тетікке сәйкес, педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтар бойынша арнайы сынақтарды қоспағанда, колледжге түсу емтиханы алынып тасталатынын мәлімдеді.
Бибігүл Асылованың айтуынша, министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесе қаражатты нақты студентке бекіту ұстанымы бойынша мемлекеттік тапсырысты орналастырудың жаңа тетігін әзірлеген. Егер осыған дейін өңірлердегі білім басқармалары колледждер арасында мемлекеттік тапсырысты өздері орналастырса, енді жаңа механизм бойынша абитуренттер колледжді әрі мамандықты өздері таңдайды.
Сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру саласында мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру мен орналастырудың жаңа ережесі әзірленіп, тиісті бұйрық тіркеу үшін Әділет министрлігіне жолданған.