$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.03.2021, 11:11
Үкімет

Мониторинг топтардың жұмысын күшейтіп, тәртіп бұзушыларды қатаң жауапкершілікке тарту керек – Асқар Мамин

Бірнеше аймақта коронавирус жұқтырғандар саны артты

Мониторинг топтардың жұмысын күшейтіп, тәртіп бұзушыларды қатаң жауапкершілікке тарту керек – Асқар Мамин
Фото: ашық дереккөзден

«Қызыл» аймақтағы Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Батыс Қазақстан облысында КВИ жұқтыру көрсеткішінің өсімі байқалады. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында айтылды.

Алматы, Қарағанды, Ақмола және Атырау облыстарында да ауырғандар саны азаймай отыр. Республика бойынша вирустың репродуктивтік көрсеткіші 1,1-ді құрайды. Белгілі болғандай, сәуір айында коронавирусқа қарсы вакцина алатындар саны, оның ішінде аға буын өкілдері арасында айтарлықтай артады.

«Вакциналау халықтың ұжымдық иммунитетін қалыптастыруға және инфекцияның одан әрі таралуын шектеуге мүмкіндік береді. Дәл осы фактор – пандемиямен күресте, сондай-ақ экономикалық өсімді қалпына келтіруде аса маңызды», — деді Асқар Мамин.  

Вакцина алатындар санын ұлғайту мақсатында Премьер-министр вакцинаны сақтау және тасымалдау үшін қажетті жағдайлары бар егу кабинеттерін қосымша ашуды, азаматтарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

«Әкімдіктердің сайттарында вакциналау, оның пайдасы, егу пункттерінің мекенжайлары туралы толық ақпарат жоқ. Халық арасында вакциналаудың маңыздылығы туралы дұрыс пікір қалыптастыру үшін жұртшылық пен медицина қызметкерлері арасында семинарлар ұйымдастыру қажет», - деді Үкімет басшысы.

Денсаулық сақтау министрлігіне осы жылдың наурыз айының соңына дейін егу пункттерінің дайындығын бақылау және вакцинаның қажетті мөлшерін уақытылы жеткізуге қатысты барлық мәселені шешу тапсырылды.  

Сондай-ақ, Премьер-министр адамдар көп жиналатын ойын-сауық іс-шараларын өткізуге жол бермеу керектігін және мониторинг топтардың жұмысын күшейтіп, тәртіп бұзушыларды қатаң жауапкершілікке тарту керектігін ескертті. Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, ауру ошақтарында жедел шара қолданып, шектеу шараларын қайта қарау керектігін айтты.  

«Науқастармен байланыста болған барлық адамға қатысты коронавирусқа тестілеу міндетті түрде жүргізіліп, олар бақылауда болуы керек. Бұл ретте күнделікті жүргізілетін ПТР-тестілеу деңгейі төмендемеуі тиіс», - деді Премьер-министр.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары