Биыл тоқыма өндірісіне 5,4 млрд теңге бөлінбек
2025 жылға дейін дейін елімізде 103 млн шаршы метр баспана салынады
Биыл ферро-қорытпа, құрылыс арматуралары, болат құбырлар, темір және марганец кенін қайта өңдеу өндірісін арттыруға мүмкіндік беретін 6 жоба іске асырылады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Министрдің сөзіне сенсек, 2025 жылға қарай болаттың өндіріс көлемі 4 млн тоннаға дейін жетпек. Аталған салаға салынатын инвестицияның көлемі 1,3 трлн теңгені құрамақ.
Сондай-ақ, түсті металлургия өндірісінің де көрсеткіші артады деп сендірді министр.
«Мырыш өндіру көлемі 18,6%-ға, қорғасын 18,8%-ға, мыс концентраты 9%-ға, алюминий 6%-ға ұлғайтылады. Bloomberg болжамына қарасақ, қысқа мерзімді перспективада түсті металдардың барлық түрі бойынша баға көтерілуі тиіс», - деді ведомство басшысы.
Министр өз баяндамасында химия өнеркәсібінің де қарқынды түрде ұлғаятынын мәлімдеді.
«Фосфат тыңайтқыштар өндірісін 16,6%-ға, аммофос 15,4%-ға, аммиак селитрасы 10,7%-ға, хром қосылыстар өндірісін 13,6%-ға арттыруды жоспарлап отырмыз. 2021 жылы үш жаңа жоба іске қосылып, саланың өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. 2025 жылға дейін бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және минералды тыңайтқыштар өндірісі қуатын 1,5 млн тоннаға дейін арттыру көзделген», - деді Бейбіт Атамқұлов.
Бұдан бөлек, отырыста Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары айтылды.
«Аталған бағыттағы өндіріс көлемін 2,5 есеге, яғни 92 млрд. теңгеден 230 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Дәрі-дәрмек экспорты 3 есе артып, 58 млн АҚШ долларынан 174 млн АҚШ долларына дейін жетеді», - деді министр.
Елімізде әлі де ақсап тұрған тоқыма өндірісіне биыл қомақты қаражат бөлінетіні белгілі болды.
«Тоқыма өнімдерін өндіру көлемі 6%-ға, оның ішінде мақта-мата иірім-жібі 50%-ға, мата 14%-ға, кілем 19%-ға, киім 11%-ға, тері 30,4% ұлғаяды. Биыл 5,4 млрд теңгеге иірім-жіп, геотекстиль, киім және аяқ киім шығаратын 5 жобаны іске асыру жоспарланып отыр», - деді Индустрия министрі.
Сонымен қатар, Бейбіт Атамқұлов тұрғын үй мәселісін де тілге тиек етті. Министр 2025 жылға дейін дейін елімізде 103 млн шаршы метр баспана салынатынын хабарлады.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан