Қазақстанға заңсыз өткізілмек болған 36 мың жұмыртқа Ресейге кері қайтарылды – АШМ
Өнім ЕАЭО талаптарына сәйкес келмейтін ветеринарлық сертификатпен Орынбор облысынан жіберілген
ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі мемлекеттік ветеринариялық инспекторлары Қазақстанға заңсыз өткізілмек болған ресейлік 36 мың дана жұмыртқаны кері қайтарды.
11 наурызда АШМ инспекторлары Солтүстік Қазақстан облысының сыртқы бақылау пунктінде ветеринариялық заңнаманы бұза отырып тасымалданған 36 мың дана азық-түлік жұмыртқасын алып кірудің алдын алды.
«Өнім ЕАЭО талаптарына сәйкес келмейтін ветеринарлық сертификатпен Орынбор облысынан (Ресей Федерациясы) еліміздің ірі қалаларының біріне жіберілген. Заңға сәйкес жүк экспорттаушы елдің аумағына қайта қайтарылды», - делінген хабарламада.
ҚР-ның сыртқы мемлекеттік шекарасында 31 ветеринариялық бақылау бекеті орналасқан. Ал, Ресей-Қазақстан және Қырғыз-Қазақстан учаскелерінде 32 ветеринариялық бақылау бекеті бар.
Еске сала кетейік, жыл басынан бастап жүк тасымалы барысында ветеринариялық-санитариялық ережелерді бұзғандарға 3,3 млн теңге айыппұл салынды.