Роман Скляр ТЖМ-ге көктемгі су тасқынына дайындықты бастауды тапсырды

Вице-премьер Төтенше жағдайлар министрлігінің алқа отырысына қатысты

Роман Скляр ТЖМ-ге көктемгі су тасқынына дайындықты бастауды тапсырды
Фото: primeminister.kz

Төтенше жағдайлар министрлігінің алқа отырысында өткен жылғы қызметі, алдағы кезеңге арналған міндеттері туралы министр Юрий Ильин баяндама жасады. Министрліктің орталық аппараты ведомстволары мен құрылымдық бөлімшелерінің басшылары жедел-қызметтік іс-қимылдың перспективалары, міндеттері мен нәтижелері туралы ақпарат берді.

Алқаны қорытындылай келе, Роман Скляр 2020 жылы ТЖ алдын алу және жою, халық пен аумақтарды қорғау саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша айтарлықтай жұмыс атқарылғанын атап өтті. Сонымен қатар, вице-премьер Мемлекет басшысының жолдауында айтылған Үкіметтің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан халықтың өмір сүру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған міндеттерді уақытылы орындау маңыздылығын атап өтті.

Төтенше жағдайлар министрлігіне қысқы кезеңнің аяқталуын бақылауда ұстау және қазірдің өзінде көктемгі су тасқыны мен өрт қаупі маусымға дайындықты бастау тапсырылды. Өңірлердегі жұмысты талдау, ТЖ-ға ден қою саласындағы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру тетіктерін айқындау қажеттігі атап өтілді.

2020 жылы құтқарушылар өрт және апаттық-құтқару жұмыстары бойынша 70 мыңнан астам сапарға шығуды жүзеге асырды, 14 мың адам құтқарылды, ТЖ аймағынан 19 мың адам эвакуацияланды және 4 мың зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.