Премьер-министр Алматыны дамытуға қатысты жобаларды уақытылы жүзеге асыруды тапсырды
Үкімет басшысы Алматы қаласына жұмыс сапары барысында кеңес өткізді
Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері жөніндегі кеңесте Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев және оның орынбасарлары баяндама жасады.
Талқылауға бірінші вице-премьер Әлихан Смайылов, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов, Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, экология, Геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов, Мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты.
Инженерлік, көлік және тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту, білім беру және денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және инвестициялар тарту, қоршаған ортаны қорғау және Алматы қаласын газдандыру мәселелері қаралды. Алматы агломерациясын дамыту және 2020-2024 жылдарға арналған «Жаңа Алматы» кешенді жоспарын іске асыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
«Алматы қаласы елдің ЖІӨ-нің бестен бір бөлігін қамтамасыз ете отырып, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші бойынша өңірлер арасында жетекші орынға ие. Мегаполистің одан әрі айтарлықтай даму әлеуеті бар. Жаңа жұмыс орындарын құру, қала тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру, инфрақұрылымды және жалпы алғанда, Алматы агломерациясының экономикасын дамыту үшін барлық жағдайды жасау қажет», - деді А. Мамин.
Үкімет басшысы жоспарланған барлық жобаны уақытылы және сапалы жүзеге асыруды, сондай-ақ Алматы қаласын одан әрі дамытуға инвестициялар тартуды қамтамасыз етуді тапсырды.
Жұмыс сапары аясында А. Мамин Алматы қаласының тұрғын үй инфрақұрылымы құрылысының барысын тексерді, сондай-ақ Қазақстан мен Орталық Азиядағы аса ірі SmArt.Point коворкинг орталығын аралады, онда АТ, қаржы технологиясы, онлайн-сауда, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, киберқауіпсіздік, блокчейн, АT-білім беру, медиа, автоматтандырылған логистика, жасанды зерде, роботты техника және т. б. салалардағы 60-тан астам компания ұсынылған.