ЕАЭК алқасы: цифрландыру бойынша Қазақстан компаниялары көшбасшы
Алматыда Digital Almaty-2021 халықаралық форумы өтіп жатыр
Қазақстанда халықтың 99 пайызы интернетпен қамтылған. Бұл туралы бүгін Үкімет басшысы Асқар Мамин Алматыда өтіп жатқан Digital Almaty форумында мәлімдеді. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің премьер-министрлері бас қосқан жиында мемлекеттердің сандық жүйеге көшуі, экономиканы цифрландыру және кәсіпорындардың сандық технология арқылы интеграциясы талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Digital Almaty-2021 халықаралық форумының күн тәртібінде пандемия кезінде пайда болған жаңа сын-тегеуріндер мен цифрлық бастамалар қаралды.
«Мен пандемия жағдайында Қазақстан экономикасы тұрақтылықтың жоғары деңгейін көрсеткенін атап өткім келеді. Бұл көбіне сандық шешімдердің мемлекеттік және жеке секторлардың барлық саласына енуіне байланысты. Шектеулерге қарамастан, біз цифрлық инфрақұрылымның қолжетімділігі мен сапасын жақсарту бойынша барынша жұмыс істедік. 2020 жылы МЖӘ жобасы аясында 20 мың шақырымдық талшықты-оптикалық байланыс желісін салуды аяқтадық. Мыңнан астам ұялы байланыстың базалық станциялары орнатылды. Бұл аймақтардағы технологиялық теңсіздік деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде, бүгінде Қазақстан халқын интернетпен қамту 99% құрайды», - деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы мемлекеттік мекемелердің цифрлық шешімдерді жеделдетіп енгізуі қазіргі жағдайда аса қажет екендігін атап өтті. Сонымен қатар, ол қашықтан оқыту мен жұмыс істеу форматы кірістің азаюына өмір сүру сапасының төмендеуіне кедергі келтіруіне жол бермеу қажеттігін де тілге тиек етті.
«Біз цифрлық экономиканың бұрын-соңды болмаған өсуіне куә болдық. Дүниежүзілік қаржы институттарының мәліметтері бойынша 2020 жылы IT-технологияға жұмсалған қаржы көлемі 3,9 трлн доллардан асты», - деді Үкімет басшысы.
ЕАЭО аясында цифландыруға 250 АҚШ доллары жұмсалады. Қазірдің өзінде Еуразиялық экономикалық комиссия аясында 80 бағыт бойынша интеграциялық жүйе қолға алынған. Оның 48-і бойынша жұмыс жүріп жатыр. Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясниковичтің айтуынша, қазірдің өзінде сандық технология көмегімен басқарылатын 18 жоба іске қосылған.
«Біздің мемлекеттеріміз өз мүмкіндігіне сәйкес ЕАЭО аясында сандық жүйе арқылы интеграция жасауға және басқаруға болатын компаниялар тізімін берген. Бұл бойынша сандық платформа құру жоспары бар. Тіпті, ол қазір жұмыс істей бастады. Цифрлық құрамдар, тауарларға белгі қою, шекаралық сенімділік, одақ арасындағы интеграциялық компонеттерді бірлесіп қолдану сияқты мәселелер бар. Біз бұл бастаманы ары қарай дамыту үшін мемлекеттік органдар мен бизнеске арқа сүйейміз. Бұл ретте Қазақстан мен Беларусь белсенді. Қазір Еуразиялық экономикалық комиссия аясында 17 мың компания бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде 10 мыңы Қазақстаннан, 2400 Беларусьтен, қалғаны өзге елдердің үлесінде. Осы тұрғыдан интеграциялау шараларына 250 млрд АҚШ доллары қарастырылып отыр. Платформаны құру 2025 жылы аяқталуы тиіс», - дейді М. Мясникович.
Digital Almaty-2021 форумы аясында Kaspi.kz компаниясының жетістіктері мен өнімдері үлгі ретінде көрсетілді. Михаил Ломтадзе сессияда Қазақстан, Армения, Беларусь, Кырғызстан, Өзбекстан премьерлерінің алдында таныстырылым жасады.
Пленарлық отырыста Асқар Мамин өзге әріптестеріне цифрландыруға байланысты орталық компетенцияның жұмысын күшейтуді ұсынды. Ол үшін бұл өкілеттілікті толықтай Еуразиялық даму және қайта құру банкінің (ЕАБР) құзіретіне беру керегін айтты. Бұл бастаманы Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь үкімет басшылары қолдады. Ал, Армения премьер-министрі кейбір мәселелерді талқылау қажет екенін айтып, қалыс қалды.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы