Цой Тоқаевқа дәрі тапшылығы болмайды деп уәде берді
Министр дәрі-дәрмектер бағасы 27 пайызға төмендегенін айтты
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанда дәрі-дәрмек тапшылығы болмайды деп уәде берді.
Тоқаев Цойдан дәрі-дәрмек бағасын реттеу және олардың қолжетімділігі туралы сұрады.
«Менің түсінуімше, мәселе әлі шешілмей тұр. Бұл бағытта не істеліп жатыр?»,- деп сұрады Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы ведомствода дәрі-дәрмектің шекті бағалары реттелгенін хабарлады.
«Қазіргі уақытта біз антиковидті препараттарға арналған маркетингтік шығындарды толық жойдық. Көтерме және бөлшек үстеме баға екі есе төмендетілді. Бұл қоғамды дүрліктермес үшін және медициналық көмек қолжетімді болу үшін жасалды. Біз амбулаториялық деңгейде коронавирустық инфекция мен пневмониямен ауыратын науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз еттік, бұл жалпы бөлшек сауда желісінде. Осылайша, біз дәрі-дәрмектер бағасын 27 пайызға төмендеттік», - деді Цой.
«Демек, дәрі-дәрмек тапшылығы болмайды, солай ма? Тапшылық болмауы керек», - деп қайталап сұрады Тоқаев.
«Иә, біз бұл параметрлерді бақылауға алдық», - деп сендірді Цой.
Сондай ақ, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанның қай өңірлерінде коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдайға тиісті бақылау жоқ екенін айтты.
«26 қаңтардағы жағдай бойынша «қызыл» аймақта сегіз өңір бар: Ақмола, Атырау, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары. Бұл ретте Ақмола, Павлодар және Қостанай облыстарында эпиджағдайға тиісті бақылаудың жоқтығы байқалады. Осыған байланысты аталған өңірлердің әкімдері тиімді, оң шектеу шараларын қабылдап, олардың сақталуын бақылауды қамтамасыз етуі қажет», - деді Алексей Цой Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Бұл аймақтар нашар бақылаудың нәтижесінде, ел бойынша ауру көрсеткішінің 40 пайызын құрап отыр.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан