$ 504.34  556.34  5.97
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.01.2021, 12:40
Үкімет

Министр вакцинациялауда қиындық тудырған мәселелерді айтты

Қазақстанда 1 ақпаннан бастап ерікті түрде жаппай вакцинациялау жүргізіледі

Министр вакцинациялауда қиындық тудырған мәселелерді айтты

Вакцинация елдегі эпидемиологиялық жағдайды түзетуі керек. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Менің келесі сұрағым – вакцинация туралы, 1 ақпаннан бастап жаппай егілу басталады. Маңызды науқанға қатысты негізгі екі сұрақ бар. Біріншісі – медициналық мекемелердің вакцинациялауға дайындығы. Екінші мәселе – азаматтар арасында түсіндіру жұмыстарының жүргізілуі. Бұл бағытта Денсаулық сақтау министрлігі мен тиісті ведомстволар не істеп жатыр?», - деп сұрады Мемлекет басшысы.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, елдегі барлық медициналық ұйымдарда оқыту жүргізілді.

«Әрбір медициналық ұйым вакцинация бойынша түсініксіз сұрақтарды талдады. 4-тен 8 градусқа дейінгі температуралық режимде суық логистикалық тізбек салынды. Ол жұмыс істеп тұр. Біз үшін тізбекті -20 градус форматында қамтамасыз ету қосымша қиындық тудырды, өйткені алғашқы вакцина ретінде ресейлік «Спутник V» пайдаланамыз. Өңірлермен тиісті жұмыстар жүргізілді, қосымша тоңазытқыш жабдықтар сатып алынды. «СК-Фрамацияның» барлық өңірдегі хабында бұл жабдық бар. Қазір логистика тексерілуде», - деп жауап берді Цой.

Ол сондай-ақ медицина қызметкерлерін оқыту бойынша арнайы стандарт пен вакцинаны қолдану жөніндегі нұсқаулық жасалғанын атап өтті. Халыққа вакцинацияның пайдалы жағын жеткізу үшін материалдар дайындалған.

Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ, вакцинация мәселесі жөнінде министр мен өңір әкімдеріне де тапсырма берді. 

«Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрі ретінде Сізге, әкімдерге, сондай-ақ басқа ведомство басшыларына жүгінемін. Жалпыға бірдей вакцинациялау – маңызды мәселе. Бізге азаматтарды вакцинациялаудың байыпты, егжей-тегжейлі жоспары қажет. Қателіктер мен хаосты болдырмау үшін көптеген нюанстарды ескеру қажет. Жалпы вакцинация эпидемиологиялық жағдайды түзетуі керек, бірақ алда көп жұмыс бар», - деді Президент.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтуде. Бірінші ақпаннан бастап ел бойынша жаппай вакцинациялау басталады.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары