$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.12.2020, 10:03
Үкімет

Қызылорда облысында асфальтты қардың үстіне төсеп жатыр

Ауданда қыстыгүні бірнеше жол жөнделді

Қызылорда облысында асфальтты қардың үстіне төсеп жатыр

Қызылорда облысында мердігер мекеме асфальтты қардың үстіне төсеп жатыр. Буы шыққан ыстық төсеніш аязда қатып, илектеніп қалған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Желтоқсанда жол жөндеу жұмыстарын жүргізуге жергілікті әкімдік рұқсат берген екен. Сырдария ауданына қарасты Ақжарма ауылындағы жағдай жергілікті жұрттың ашуын туғызды.

«Жөндеу жұмыстарын "Сыр жолдары" ЖШС жүргізіп жатыр. Біздің ауылда осылай – қыста жолға асфальт төсеп жатыр. Қардың үстіне төгіп тастаған. Ауылдың жолын қыстай жаңалап шықпақшы. Жолды жөндеп жатқандарына бірнеше күн болды. Жүк көліктерін жүргізіп жұрген жұмысшылар – ауылдың жігіттері. Олар көзбояушылықты тоқтатуға қауқарсыз», — дейді ақжармалық Талғат Диюанов.

Ақжарма ауылы облыс орталығынан 75 шақырым қашықта жатыр. Ауылда 3 мыңнан астам халық тұрады. Күнделікті Қызылорда облысына барып жұмыс істейтін тұрғындардың айтуынша, ауылдағы 8 көшеге осылай жөндеу жүргізілмек.

«Ақжарма ауылы Тірек ауылы болғалы біраз көшелер дұрысталып қалған. Соңғы жылдары қараусыз қалды. Көшеге асфальт қыста емес, жазда, күн жылыда төселуі керек еді. Тендерден ұтып алған мердігер жаздай дым істемей, қыс болғанда қимылдап жатыр ғой. Қандай сапа болады, аязда үсіп,  көктем шықпай үгітіліп қалады. Халықтың ақшасын аясын ба? Сапасыз болса да жоспарды орындадық деп, сосын ұялмай жоғарыға есеп береді», - деді ауылдың Мағауия есімді тағы бір тұрғыны.

Әкімдіктің мәліметінше, «Ауыл – Ел Бесігі» арнайы жобасы шеңберінде Ақжарма ауылдық округіне осы жылы республикалық және аудандық бюджеттен 509,6 млн теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржыға 4 көше (Садық ахун, Есентұров, Балапанов және Әукенов) жарықтандырылады, 8 көше (М.Томпалақов, Ж.Домбаев, Садық ахун, М.Аукенов, Е.Омаров, А.Есентұров, Т.Балапанов, Б.Арыстанов) орташа жөндеуден өткізіліп, 3 көшеге (Есентұров, Омаров, Садық ахун) темір-бетонды лоток орнатылуы тиіс.

Әмірболат Құсайынұлы,  Алматы

Серіктес жаңалықтары