$ 540.87  632.01  6.76
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Біз қарызға өмір сүріп жатырмыз»: депутат ащы шындықтың бетін ашты

Оның айтуынша, қазақстандықтардың несиесі ел бюджетіне тең сомаға жеткен

«Біз қарызға өмір сүріп жатырмыз»: депутат ащы шындықтың бетін ашты
Фото: istockphoto.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев бүгін Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі кезінде қазақстандықтардың қарызы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бейсенбаевтың айтуынша, қазір ел болып табатынымыз, яғни жалпы салықтық түсім – 13,5 трлн. теңге болса, ал шығысымыз – 25,7 триллион теңге. Яғни Қазақстан жыл сайын тапқан табыстан шамамен екі есеге артық жұмсайды екен.

«Сондай-ақ, 2 жылдың ішінде халықтың банктерге тұтынушылық несие қарызы – 25 триллион теңгеге жеткен. Бұл – еліміздің бюджетіне пара-пар сома. Яғни біз қарызға өмір сүріп жатырмыз деген сөз», - дейді ол.

Осы ретте, Бейсенбаевтың айтуынша, ауыл тұрғындарының табысы қаламен салыстырғанда 2 есеге аз. Елде 85 мың теңге жалақы алатындардың 1,2 миллионы – ауыл тұрғындары.

«Әлі күнге дейін 200-ден астам ауылда – емдеу мекемесі мүлдем жоқ. Ал медициналық нысандардың тозуы 55 пайыз. Жедел жәрдем көліктерінің 80% жүруге жарамсыз. Бұдан бөлек, 751 мың тұрғыны бар 858 ауылда әлі күнге дейін кең жолақты интернет жоқ», - деді ол.

Депутат кейбір өңірлер бюджетті толтықтырудың орнына дотациялық жағдайда отырғанын алға тартты.

«Елдегі  20 өңірдің 17-сі дотациялық жағдайда отыр. Тіпті мұнайлы өңір Маңғыстаудың өзі қазір дотацияға мәжбүр. Мысалы, республикалық бюджеттің шамамен 50 пайыздан астамы тікелей өңірлерге аударылады. Ал кейбір өңірлердің салықтық түсімдері жергілікті бюджеттің 15 пайызын да құрамайды. Бұл – өте қауіпті үрдіс», - дейді депутат.

Сөз соңында Бейсенбаев бюджеттің игерілуі туралы есеп осындай ескертулерді қабылдай отыра бекітуге жатады деп санайтынын айтты.

«Үкіметқұраушы, ірі саяси партияның Фракциясы атынан бюджеттің игерілуі туралы есебін аталған ескертулермен бекітуге болады деп есептейміз», - деді фракция жетекшісі.

Серіктес жаңалықтары