Асан, Есен, Үсен: депутат Бейсенбаев үкімет орташа жалақыны қалай есептейтінін болжады
Оның айтуынша, қазір Қазақстандағы орташа жалақы 423 мың теңге емес

Депутат, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев бүгін Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі кезінде бірнеше өткір мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол алдымен 2024 жылғы республикалық бюджеттің орындалуында жүйелі проблемалар мен кемшіліктер аз емес екенін атап өтті. Оның біріншісі, әрине – Ұлттық қордың қаражаты. Яғни, былтыр үкімет бюджетті толтыру үшін Ұлттық қордан 5,6 трлн. теңге алса, биыл тағы 5,3 трлн жаратып қойған. Бұл дегеніміз - 2024 жылы бюджеттің 25 проценті, 2025 жылы тағы 23 проценті Ұлттық қордан толықты деген сөз.
«Бұл қауіпті әрі оны жақын арада тоқтату мүмкін емес үрдіске айналды. Қынжылтатыны осы. Енді бұл шығыстарды азайту өте қиын, себебі бұл еліміздегі әлеуметтік, инфрақұрылымдық міндеттерді тоқтатып қана қоймай, басқа да соққыларға әкелуі мүмкін – аксиомаға айналды», - дейді Бейсенбаев.
«Магнумда картоп 550 теңгеден сатылып жатыр»
Екінші мәселе – азық-түлік бағасы дейді депутат. Бәрімізге белгілі, Үкімет жыл сайын азық-түлік небәрі 7-8 пайызға қымбаттады деген мәлімет береді.
«Ал шынтуайтында биыл бір ғана картоптың өзі 2,5 есеге өсіп, 500 теңге болды. Яғни 150 пайызға күрт көтерілген. Министрліктің бағасын реттейміз деген мәлімдесі орындалмады. Дәл қазір Магнумдағы картоптың бағасы – 550 теңгеден сатылуда. Үш жыл бұрын қызанақ пен қиярдың бағасы 1,5 мың теңгеден асқанда таңғалған халықтың, қазір оған еті үйреніп кетті», - дейді тағы да қынжылған депутат.
Асан, Үсен, Есен немесе Қазақстандағы орташа жалақы
Осындай мәселелерді тізе келе Елнұр Бейсенбаев қазақстандықтардың көбі түсіне бермейтін бір ақпаратқа тоқталды. Ол әрине – елдегі орташа жалақы. Ресми статистика оның көрсеткіші ел бойынша мың долларға жуықтаған.
«Үшінші – Үкіметтің мәлімдеуінше, дәл қазір елімізде орташа жалақы – 423 мың теңгені, яғни 830 долларды құрайды деген мәлімдемесі ешқандай сенім ұялата алмайды. Мысалы, елімізде дәл қазір 3 миллион адам – небәрі 200 мың теңге жалақы алса, ал 1 миллион 800 мың азамат ең төменгі жалақы – 85 мың теңгеге күн көріп отыр. Сонда 423 мың теңге жалақыны кім алады?! Меніңше, бұл санның арифметикасын Үкімет былай есептейтін сияқты. Мысалы, Асан 1 миллион теңге жалақы алса, ал Үсен мен Есен 100 мың теңгеден алады. Сонда үшеуіне шаққанда орташа жалақы 400 мың теңге», - деді Бейсенбаев.