Трамп жаңа баж салығын енгізді: Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады
Бұл шешімнің екі елдің қарым-қатынасына теріс әсері жоқ дейді сыртқы саяси ведомство

Сыртқы істер министрлігі АҚШ президенті Дональд Трамптың Қазақстанға енгізген баж салығына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
СІМ 2025 жылғы 3 сәуірде Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі АҚШ-тың Қазақстан мен басқа да елдерге қатысты енгізген баж салығы бойынша ресми мәлімдеме жасап, Қазақстан Үкіметінің позициясын жария еткенін атап өтті.
«ҚР Сыртқы істер министрлігі де сыртқы экономикалық ахуалдың дамуын мұқият бақылап отыр. Қазақстан кез келген мемлекеттің сыртқы экономикалық саясаты аясында, соның ішінде сауда-тарифтік реттеу мәселелері бойынша шешім қабылдау құқығын құрметтейді. Қазақстан тарапы АҚШ-пен сындарлы өзара іс-қимылды сақтайды және серіктестікті екіжақты және халықаралық күн тәртібіндегі барлық мәселе бойынша диалог үшін тұрақты әрі өзара тиімді платформа ретінде қарастырады. Жаһандық сауда динамикасына әсер етуі мүмкін жекелеген шешімдерге қарамастан, қазіргі кезеңде жаңа баж салығының енгізілуі екі ел арасындағы жалпы қарым-қатынасқа теріс әсер етіп отырған жоқ», -деп жауап берді СІМ редакцияның ресми сауалына.
Бұған дейін вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Трамптың баж салығы Қазақстан экспортының 4,8 пайызына ғана әсер ететінін мәлімдеген.