$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Зейнетақы қоры жылдың басында инвестициялық табыс неліктен минусқа кеткенін түсіндірді

Халыққа алаңдауға негіз жоқ дейді Ұлттық банк өкілі

Зейнетақы қоры жылдың басында инвестициялық табыс неліктен минусқа кеткенін түсіндірді
Фото: Ұлттық банктің баспасөз қызметі

Ұлттық банктің монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов биыл жыл басында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық кірісі неге төмендегенін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, биыл бірінші тоқсанында зейнетақы салымшылары өз шоттарында инвестициялық табыстың төмендегенін байқаған.

«Алайда бұл жағдай уақытша сипатқа ие, сондықтан алаңдауға негіз жоқ. Төмендеу үрдісі зейнетақы активтері қайта бағаланғандықтан болды. Атап айтқанда, теріс инвестициялық табыстың негізгі себептерінің бірі – инфляция мен инфляциялық болжамдардың өсуі аясында мемлекеттік бағалы қағаздар кірістілігінің артуы. Бұл өз кезегінде олардың нарықтағы құнын төмендетті. Сонымен қатар, Қаржы министрлігі тарапынан осы бағалы қағаздар көп ұсынылғандықтан, ол да нарықтағы бағаға әсер етті», - дейді Тұрсынханов Ұлттық банкте өткен брифингте.

Инвестициялық табысқа АҚШ долларына қатысты теңге бағамның құбылмалығы да әсер еткен.

«2025 жылдың басында доллар бағамы 525,11 теңге болса, наурызда 504,44 теңге болды. Бұл жерде маңыздысы: теңге нығайған кезде шетел валютасындағы активтердің теңгемен есептегендегі құны уақытша төмендейді. Бұл есептеулерде теңгемен көрсетілген мәнде шығын ретінде көрініс табады. Жыл басынан бері тіркелген теріс инвестициялық табыс – есеп түріндегі ғана мәлімет, яғни түбегейлі шығын болып саналмайды. Бұл – активтер құнының уақытша құбылуына байланысты қалыптасқан көрсеткіш. Қаржы нарығындағы жағдай тұрақталған сайын, бұл активтердің құны қайта қалпына келеді», - дейді департамент директоры.

Мысалы, алдын ала мәліметтерге сәйкес, сәуір айының тек алғашқы аптасында теңге бағамының құбылмалығы мен сыртқы нарықтардағы өзгерістердің нәтижесінде инвестициялық табыс көлемі шамамен 400 млрд теңгені құраған. Бұл қаңтар-наурыз айларындағы теріс инвестициялық табысты айтарлықтай өтеуге мүмкіндік берді, деп атап өтті Тұрсынханов.

«Жалпы алғанда, зейнетақы активтері әлемдік тәжірибеде ұзақмерзімді инвестиция ретінде қарастырылады. Орта есеппен алғанда, зейнетақы жинағының толық өмірлік циклі кемінде 40 жылға созылады. Сондықтан жекелеген қысқамерзімді кезеңдердегі табыс көрсеткіштері зейнетақы активтерін басқару тиімділігінің нақты көрсеткіші болып саналмайды. Себебі қысқа мерзімде қаржы құралдарынан және өзге де операциялардан алынатын табыс бағалы қағаздар мен валюталар құнының құбылуын әрдайым өтей бермейді. Сол себепті, инвестициялық табысты объективті бағалау үшін кемінде бір жылдық кезеңді қарастырған орынды», - дейді ол.

2024 жылғы сәуірден 2025 жылғы наурызға дейінгі соңғы 12 айдағы кірістілік көрсеткішінің қысқамерзімді ауытқуларына қарамастан, алдын ала мәліметтер бойынша, есептелген инвестициялық табыс көлемі шамамен 2,4 трлн теңгені құраған. Осы кезеңдегі кірістілік 11,99% болса, 2025 жылғы ақпан айының соңындағы инфляция 10,0% деңгейінде болды.

«Бұл көрсеткіш сол шамада сақталады деп күтілуде. Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша табыс 17,84% болып, инвестициялық табыс көлемі 3,4 трлн теңгеге жетті. Бұл кезеңде инфляция 8,6% болды. Осылайша, салымшылар үшін 9,24% мөлшерінде нақты табыс қамтамасыз етілді», - дейді директор.

Серіктес жаңалықтары