Жұманғарин Трамптың баж салығы туралы: жақын арада жұмыс тобын құрамын
Баж салығы экспорттың 4,8 пайызына ғана әсер етеді дейді ол

Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин АҚШ президенті Дональд Трамптың шет елдердің, соның ішінде Қазақстанның тауарларына енгізген баж салығы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жұманғариннің айтуынша, баж салығы қазақстандық экспорттың 4,8 пайызына ғана әсер етеді. Бұл - шамамен 100 млн доллар.
«Шын мәнінде, тұтастай алғанда бұл ешқандай әсер бермейді. Себебі екі миллиардқа жуық айналымның көп бөлігіне баж салығы таралмайды. Бұл - шикізат тауарлары, мұнай, уран, күміс және жоғары көміртекті ферроқорытпалар. Баж салығына кіретін тауарлардың үлесі өте төмен. Әрине, нарықты алмастыруға болады. Біз қазір консультация жүргізіп жатырмыз, жұмысты бастау үшін жақын арада жұмыс тобын құрамын», - деді ол Мәжіліс кулуарында.
Министр Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі, ДСҰ және келіссөздер арқылы жұмыс жүргізетінін атап өтті.
Естеріңізге салайық, АҚШ президенті Дональд Трамп 185 елдің өнімдеріне баж салығын енгізді. Тізімде Қазақстан да бар, біздің елге 27 пайыздық баж салығы белгіленген.