Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры «Қазақтелекомның» акциясын сатып алмақ
Бұл туралы бүгін Самұрық-Қазына ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңес барысында белгілі болды

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ «Қазақтелеком» АҚ-ның 10 пайыз акциясын сатып алады. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Келесі компания - «Қазақтелеком». «Самұрық-Қазына» қоры «Қазақтелеком» компаниясының 50 пайыз акциясына иелік етеді. Компания жария саналады және KASE-де листингіленеді және әсіресе, қазіргі реалияда стратегиялық актив саналады. Ұлттық банкпен келіссөз жүргіздік. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» Қордың 10 пайыз акциясын сатып алмақ», - деді Ахметжан Есімов.
Ол «Қазақтелеком» компаниясының 10 пайыз акциясын БЖЗҚ-ға сатудағы басымдыққа тоқталды. «Ең алдымен, сату әдісін өзгертудің қажеті жоқ. Компанияның орналастыру дайындығы өте жоғары. Акция құнының өсімі «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының» табысын арттырады», - деді Есімов.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңес өтті.